Жарияланды: 980

30-қыркүйектегі жағдаймен Қазақстанда миллиард пұт астық жиналды - ҚР ауылшаруашылық министрлігі

30-қыркүйектегі жағдаймен Қазақстанда миллиард пұт астық жиналды. Бұл туралы ҚР үкімет басшысының орынбасары әрі ауылшаруашылық министрі Ахметжан Есімов Қарағанды облысына жасаған жұмыс сапары барысында KZ-today тілшісіне берген сұхбатында атап көрсетті.

Мемлекеттік агроазық-түлік және ауылды қолдау бағдарламасын жүзеге асыру барысына арнап облыс атқамінерлерімен өткізген кеңесте сөйлеген сөзінде А.Есімов қолайсыз күн райы ахуалына қарамастан республикамызда астық бітік шыққанын хабарлады. Түсім жинау науқаны толыққанды аяқталмаса да, қазіргі жағдаймен 16,43 млн. тонна астық жиналып отыр. Министр әкімдерді астық тарату шарасына баса назар аударуға шақырды. Биыл республика үкіметі астықтың әрбір тоннасын 100-125 доллар ақшаға сатып алуға әзірлік танытып отыр. Бұл шара дихандарды қолдау мақсатымен жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, жаңа түсімнен тартылған ұннан пісірілетін нан-тоқаш өнімдерінің бағасын өсірмеуге бірқатар қорғаныс тетіктері қарастырылды. "Баға өсті деген күннің өзінде бір бөлке нан үшін 1 теңгеден аспайды. Бұл мардымсыз өсім",- деді А.Есімов. ҚР ауылшаруашылық министрі 2000-жылдан бері ауылшаруашылығын дамыту және ауылшаруашылығы өнімін өндірушілерге қолдау көрсетуге бағытталған мемлекеттік бағдарламаларға бағышталатын қаржылық қолдау ауқымы арта түскенін атап көрсетті. Саланы құрал-жабдық және техникамен қамтамасыз етуге 4 есе артық қаржы бөлінді, сондай-ақ, 2003-жылы лизинг бойынша 816 техника алынса, 2002-жылы бұл көрсеткіш небәрі 222 бірлікті құраған. Тұтастай алғанда, банктер мен әртүрлі қорлар 140 млрд. теңге көлемінде несие бөлді. Бүгін ҚР ауылшаруашылық министрі "Қарағанды-нан" ААҚ-ның нан және кеспе өндіру комбинатын аралап, "Валют-Транзит-банк" қаржылық-өнеркәсіптік қауымдастығының аграрлық саясатымен танысады. Ал кешке қарай А.Есімов облысқа жасайтын жұмыс сапарын одан әрі жалғастырып, Жезқазған қаласына ат басын тіремек. Онда А.Есімов Ұлытау ауданының шаруа қожалықтарының жұмыс барысымен танысады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін