Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы және БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) ұсыныстарын ескере отырып, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «Туғаннан 5 жасқа дейінгі бала дамуының жеке карточкасын» әзірледі. Кітапшадан ата-аналар дәрігерлердің кеңестерімен танысып, сонымен қатар сәбидің бойы мен даму барысына қадағалау бойынша күнделік жүргізе алады.
Бала дамуының жеке карточкасы перзентханаларда босанған әйелдерге таратылып, отбасы үшін баланың қалыпты дамуы бойынша нұсқаулыққа айналады. Мұндай кітапшамен әрбір ананы қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Оны әзірлеудегі мақсат — нәрестенің бойы, дамуы және денсаулығы туралы мәліметтерді ескеріп, сақтау болып табылады.
Сондай-ақ, кітапшада нәрестені қалай дұрыс емізу, қай кезде және қандай қосымша тамақ беру, психикалық және физикалық қалыпты дамуы үшін қалайша уқалау және гимнастика жасау туралы мамандардың кеңестері берілген.
Карточка әрбір отбасында болуы, оны ата-аналар мамандардың кеңестеріне сай толтыруы тиіс. Ол ата-аналар мен медицина қызметкерлеріне бала денсаулығын, бойы мен дамуын мониторингілеуге, ауытқуларды ерте байқауға және уақытында түзетуге мүмкіндік береді.
Кітапшадағы мамандардың кеңестерін орындау дені сау бала өсіруде ата-аналар үшін өте маңызды.
Айта кету керек, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бұған дейін де БҰҰ Балалар қорымен (ЮНИСЕФ) бірлесе отырып, ерте жастағы баланың дұрыс дамуы мәселелері бойынша ата-аналар мен тәрбиешілерге арнап «Қуан сәби» атты кітапша шығарып, ол 2013 жылы босанған әйелдерге таратылған болатын.