Сурет салуды жаны сүйетін Әмина күн ұзақ қарындаштарынан бір елі ажырамайды. Ес білгелі оның жалғыз жұбанышы осы. Күлімсіреген күн, көкжелек, өзінің де асыр салып жүргенін сурет етіп салады. Бүлдіршін қазірден бастап мектепке жиналған. Тек оны тағатсыздана күтіп отырған мұғалім жоқ. Қос аяғын алып жүре алмаған соң, білім бөліміндегілер Әминаны үйде оқытқан дұрыс депті. Бірақ оның ата-анасы «ақыл-есі дұрыс қызымыз өзгелерден кем болмай өссе екен» дейді.
Альфред Сафин, Әминаның әкесі:
-Қызымды арқама салсам да мектепке өзім апарып әкелуге дайынмын. Өзі жүре алмаса да, ақыл есі дұрыс қой. Ол мектепке баратын күнді асыға күтіп жүр.
Мүгедек қызына бас-көз болу үшін әкесі, тіпті, әскери қызметінен де кеткен екен. Таңертеңнен қара кешке дейін қос тізесіне жаттығулар жасайды. Қолтығынан демеп, жансыз аяқтарымен тәй-тәй жүргізеді. Әминаның өздігімен жүгіріп кетуге мүмкіндігі бар. Ресейлік дәрігерлер 3 айда кемістігін түзеп береміз уәде етіпті. Тек ол үшін аса қымбат операция қажет. Шамамен 110-175 мың рубль оның қол дорбасын ұстап, алғашқы қоңырауға қатысуына көмектеспек.
Вера Моисеева-Сафина, Әминаның анасы:
-Единственная одна возможность попрасить всех, кому не безразличен ребенок, пожалуйста, помогите!
Қыздың ағылшыншасы да жаман емес. Әліпбидегі бар әріпті жатқа біледі. Аса алғыр. Тек қаражаттың жоқтығы отбасыға қолбайлау болуда.