Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
1945 жылғы 1 мамырда 8-гвардиялық армияның командалық пунктіне Вермахтың құрлықтағы әскерлер штабының бастығы, генерал Кребс жеткізілді. Ол бітім туралы келіссөз жүргізуге өкілетті екенін мәлімдеді. Бұл туралы Сталинге баяндалды. Жоғарғы Бас Қолбасшы ашуға булығып: ешқандай бітім болмайды, тек сөзсіз тізе бүгу ғана! – деп қатаң бұйрық берді.
Сол себепті, мүмкін, Жеңіс күнін біз 2 мамырда да атап өтуіміз мүмкін еді.
Бірақ…
Неміс қолбасшылығына ультиматум қойылды. Егер таңғы 10-ға дейін келісімге келмесе, онда толыққанды соққы алатындарын ескертеді. Келісімге келмеді. Таңертеңнен бастап Берлиннің орталығында қиян-кескі шайқас басталып, кеңестік артиллерия мен танк бөлімшелері шабуылға шықты. Империялық кеңсе, Рейхстагтың бір бөлігі және Вермахттың, СС батальондары мен халық жасақтарының қалдықтары тығылған оннан аса ғимарат жермен-жексен етілді. Қала орталығы түтінге тұншығып, от пен оқтың астында қалды.
Түнде насихат істері жөніндегі вице-министр доктор Фриче кеңес қолбасшылығына радиодан Берлин гарнизонына қарсыласуды тоқтатуға үндеу жасауға рұқсат сұрады. Рұқсат берілді. Нәтижесінде 3–4 мамыр күндері 135 мыңға жуық неміс солдаты мен офицері қаруын тастап, тұтқынға берілді.
Алайда кейбір қарсылық ошақтары әлі де қалған болатын.
7 мамыр күні Орталық Еуропа уақыты бойынша түнгі сағат 02:41-де Германия тізе бүгу актісіне қол қойды. Ол құжат 8 мамыр күні сағат 23:01-де күшіне енді. Бұл кезде КСРО-да 9 мамыр – түнгі сағат 00:01 болған. Тура түн ортасы! Құжатқа Германия атынан генерал Йодль, одақтастар атынан — америкалық генерал Уолтер Смит және француз Франсуа Севез қол қойды. КСРО атынан — генерал Иван Суслопаров.
Германияның тізе бүгу актісіне генерал Иван Суслопаровтың КСРО атынан қол қоюы Кремльде үлкен дау тудырды. Құжатқа қол қойылғаны жөнінде Жоғарғы Бас Қолбасшы Иосиф Сталинге жедел түрде баяндалды.
Сталин қаһарға мініп «Суслопаровқа мұндай өкілеттікті кім берді? Тоқтатыңдар! Мұндай маңызды құжатқа мүлде басқа, салмағы бар тұлғалар қол қоюы тиіс», – деп кесіп айтты ол.
Бұл оқиға Жеңіс актісін қайта рәсімдеу қажеттілігіне себеп болды. Нәтижесінде, 9 мамыр күні Берлиннің маңындағы Карлсхорстта ресми және соңғы нұсқасы қабылданды.
«Караван» анықтамасы
Берлинде қол қойылды, бірақ соғыс тоқтамады: КСРО мен Германия арасындағы бейбіт келісім тек 10 жылдан кейін жасалды
8 мамыр – сағат 22:43-те Германияның сөзсіз тізе бүгу актісіне ресми түрде қол қойылды. Бұл тарихи құжатқа Кеңес Одағы атынан маршал Георгий Жуков, ал одақтастар тарапынан Ұлыбританияның маршалы Артур Теддер қол қойды. Куәгерлер ретінде АҚШ генералы Карл Спаатс пен Франция генералы Жан де Латр де Тассиньи өз қолдарын қойды. Германия атынан фельдмаршал Вильгельм Кейтель тізе бүгу актісіне қол қойды.
Мәскеу уақыты бойынша бұл уақыт – 9 мамыр, түнгі сағат 00:43. Осы сәттен бастап Кеңес халқы үшін Жеңіс күні басталды.
Осымен бәрі біткен жоқ. Кеңес Одағы тізе бүгуді қабылдағанымен, Германиямен бейбіт келісімге қол қойған жоқ. Бұл жағдай қос ел арасындағы соғыс жағдайының ресми түрде тағы он жылға созылуына себеп болды.
Не себепті соғыс күйі сақталды?
КСРО Гитлерлік Германиядан соғыстың шығындарын өтеуді – репарацияны талап етті. Кеңес аумағына келтірілген адам айтқысыз залалдың орнын толтыру – КСРО үшін басты шарт болды. Алайда соғыстан күйреген болашақ Германия Федеративтік Республикасы да ауыр экономикалық дағдарысқа ұшыраған еді. Қаржы да, ресурстар да жетіспеді.
Қайта келісім 1955 жылы орын алды
Тек Иосиф Сталин қайтыс болғаннан кейін, 1955 жылдың қаңтарында, бұрынғы одақтастармен және Германиямен күрделі келіссөздер нәтижесінде, КСРО ресми түрде бейбіт келісімге келді. Осылайша, Екінші дүниежүзілік соғыстың ең соңғы парағы жабылды.
«Караван» анықтамасы
1947 жылы АҚШ мемлекеттік хатшысы Джордж Маршалл Германияны қалпына келтіру жоспарын ұсынды. Алайда басты назар Германияда емес еді. Ең алдымен көмек Ұлыбританияға, кейін Францияға бағытталды. Германия бұл тізімде үшінші орынға жайғасты.
Маршалл жоспары аясында бөлінген «жүлделер» (яғни, қаржылай көмек) былайша үлестірілді:
Ұлыбритания – 26%,
Франция – 18%,
Германия – небәрі 11%.
Неге бұлай болды?
КСРО-ға қарсы соғысқан елдердің тізімі ұзын-сонар еді. Олардың қатарында: Румыния, Болгария, Чехия, Словакия, Польша, Хорватия, Испания, Венгрия, Финляндия, Дания, Швеция (ресми түрде бейтарап деп жарияланғанымен), Норвегия, Бельгия, Голландия, Италия және… Франция да болды.
Кеңес Одағы осы елдермен бейбіт келіссөздерді жеңімпаз тараптың күшімен жүргізе бастады. Бұл жағдайда Сталиннің ұстанымы өте қатаң болды. Оның аргументтері мықты еді.
– Қайдағы 8 мамыр? Қаласаңдар, 38-і тойлаңдар. Біз – өз уақытымызбен, Мәскеу уақытымен тойлаймыз. Болды, бітті! – деді Сталин.
Неге 9 мамыр? Ресми құжат жауабын береді
Жеңіс күні ретінде 9 мамырды бекіткен КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының жарлығы… 8 мамырда қабылданған. Яғни, тізе бүгу актісіне ресми түрде қол қойылмай тұрып.
Бұл – Мәскеудің өз ұстанымын ерте бекіткенін, әрі оны символикалық, саяси және идеологиялық тұрғыда нақтылағанын көрсетеді.
Жеңіс күнін тойлаймыз ба, жұмыс істейміз бе? Мереке мәртебесінің күрделі тарихы
Кеңес Одағы, 1945–1947 жылдар – Ұлы Жеңіс күні бастапқыда ресми демалыс күні болып саналды. 9 мамыр – қызыл күнмен белгіленген, бүкіл ел бойынша тойланатын мереке болды. Алайда 1948 жылы бұл статус алынып тасталды. Жеңіс күні күнтізбеден «жойылып», халық мерекені жұмыс орындарында атап өте бастады.
Мереке қалай тойланды?
Сол кезде соғыс ардагерлері әлі де тірі еді. Олар үшін 9 мамыр – жай күн емес, қасиетті ұғым болатын. Рухани мағынасы зор, сакральді күнге айналды.
Сталин қайтыс болғаннан кейін КОКП Орталық комитетінің Бас хатшысы Никита Хрущев Жеңіс күнін қайтадан ресми демалыс етуге үзілді-кесілді қарсы болды. Бұл шешім тек 1964 жылдың күзіне дейін күшінде қалды.
Хрущев қызметтен кеткен соң, оның орнын басқан Леонид Брежнев (өзі де соғыс ардагері) Жеңіс күніне тиісті мәртебені қайтарды. 1965 жылдың сәуірінде КСРО Жоғарғы Кеңесінің Президиумы 9 мамырды қайтадан ресми түрде демалыс күні етіп бекітті.
«Караван» анықтамасы
КСРО-ға қарсы тек Германия ғана соғысқан жоқ: Вермахт қатарында Еуропаның ондаған елі болды.
Мәскеу – Берлин. Екінші дүниежүзілік соғыста Кеңес Одағы тек фашистік Германиямен ғана емес, бірігіп жаулаған бүкіл Еуропамен бетпе-бет келді. Мұрағат деректері мен әскери тарихшылардың мәліметіне сүйенсек, Вермахт құрамында ондаған шетелдік бөлімдер соғысқан.
Кеңес майдандарында Германия жағында соғысқан шетелдік құрамалардың арасында батальондар ғана емес, тіпті толыққанды полктер мен дивизиялар да болды.
Қандай елдер қатысты?
Вермахт құрамында соғысқан шетелдік күштердің қатарында мыналар бар: Хорватия, Чехия, Болгария, Румыния, Испания, Венгрия, Польша, Словакия, Дания, Финляндия, Франция, Бельгия, Голландия, Норвегия.
Бұл елдердің кейбірі Германиямен одақтас болса, кейбірі фашистік режимнің ықпалында болған. Соған қарамастан, Кеңес армиясы фашизммен күресте бүкіл Еуропа контингенттеріне қарсы тұруға мәжбүр болды.
Америкалық «Жеңіс»: Дональд Трамп тарихты қайта жазып жатыр ма?
Вашингтон, 2 мамыр. АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп америкалықтар енді екі «ұлы» күнді атап өтетінін мәлімдеді:
– 11 қараша – Бірінші дүниежүзілік соғыстағы жеңіс күні
– 8 мамыр – Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңіс күні
Өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында Трамп былай деп жазды:
– Екі соғысты да біз ұттық. Басқа елдер бізбен салыстыруға келмейді – әскери қуаты жағынан да, ерлігі жағынан да, мінсіз қолбасшылық жағынан да. Екінші дүниежүзілік соғыста біз кез келген елден артық үлес қостық.
Трамптың бұл мәлімдемесі халықаралық реакция тудырды. Тарихшылар мен саясаткерлер оның сөзін батысшыл манипуляция және КСРО рөлін елемеушілік деп бағалады.
Кеңес Одағының Мәскеу түбіндегі жеңісі, Сталинград шайқасы, Курск доғасындағы қарсы шабуыл, сондай-ақ Украина, Беларусь, Шығыс Еуропа мен Берлиндегі шешуші операциялары — бәрі де Трамптың тізімінде аталмаған.
Еске салсақ, Берлинді алған – Қызыл армия. Берлиндегі Рейхстагқа жеңіс туын Рақымжан Қошқарбаев тіккен еді.
АҚШ соғысқа қалай қосылды?
Тағы бір маңызды тарихи факт:
– 1939 жылы қыркүйекте, Германия Екінші дүниежүзілік соғысты бастаған кезде, АҚШ өзін бейтарап мемлекет деп жариялады.
– Тек неміс сүңгуір қайықтары америкалық сауда кемелерін жаппай батыра бастағаннан кейін, Конгрестегі қаржы элитасының қысымымен президент Франклин Рузвельт әскери қимылдарға қосылуға шешім қабылдады.
– Ол шешім де тек бір жылдан кейін қабылданды – 50-ден астам кеме, оның ішінде жолаушылар кемелері суға кеткен соң ғана.
Тарихты ұмыту – жауапсыздық
Мұндай мәлімдемелер — тарихты бұрмалау ғана емес, соғыста қаза тапқан миллиондар рухына құрметсіздік. Екінші дүниежүзілік соғыстағы нағыз жеңіс иелерінің есімдерін өшіру ешқашан ақталмайды.