Жарияланды: 1400

Абзал Құспан: "Сәулеге жала жапқан адамдардың өздері зардап шегеді"

Абзал Құспан: "Сәулеге жала жапқан адамдардың өздері зардап шегеді"

Кеше журналист, қоғам белсендісі Сәуле Әбілдаханқызының үстінен бірнеше келіншектің арыз жазғаны туралы ақпарат шықты. Yvision сайтының мәліметіне сәйкес, Сәуле Әбілдаханқызы көпбалалы аналардан 2 миллион теңге көлемінде ақша алған.

Сондай-ақ, аналардың бірі "2019-жылдың 31-мамыр күні Темирязов пен Жороков көшелерінің қиылысында орналасқан Тұрғын үй басқармасы маңында Сәуле мені митингке шығуға үгіттеді. Егер митингке шықсаң саған үй мәселесін шешіп беремін деп айтты" деп шағым түсірген. Әзірге арызданушылардың арасында Ұлжалғас Сатқынбекова деген келіншектің ғана есімі белгілі болып отыр, деп жазды Abai.kz

Біз бұл жағдайға қатысты Сәуле Әбілдаханқызы мен оның адвокаты Абзал Құспан мырзаның пікірін білген едік.

Сәуле Әбілдаханқызы, журналист: “Бұл күштік құрылымдардың қолдан ұйымдастырып отырған жаласы”

- Бұл тап-таза жала. Бұл күштік құрылымдардың маған қарсы қолдан ұйымдастырып отырған дүниесі. Және де аналардың сағын сындыру үшін бар ойлап тапқан тәсілдері. Оның үстіне мен “Қосановты қолдайық”, “Азаматттық қоғам құрайық” деп халыққа көбірек үндеу жасап жүрмін ғой. Менің сондай позициям арқылы халық оянып кетпесін, осы халықты түртіп, оятып жүр, осы біреудің аузын жабайық деген-ау шамасы. Яғни, бұл қолдан ұйымдастырып, жасап отырған қитұрқы әрекет.

Ұлжалғас Сатқынбекова деген адамды өмірімде көрген емеспін, танымайтын, білмейтін адам. Ол да полицейлердің әдейі ұйымдастырып отырған өз адамы деп есептеймін.

Мен ешқашан біреуден бір тиын алған емеспін. Жағдайы төмен 5 ананы тікелей эфирге шығарып, “Бұл аналардың карточкалары жоқ екен. Осыларға көмектесемін дегендерің менің картама ақша аударуға болады” дедім. Бірақ, ол кісілерге аударылған ақша карточкада тұр. Қанша түскені де, мен кімге қанша артығымен көмектескенім де тұр. Сондықтан, ол түскен ақшаның әрбір тиыны үшін есеп бере аламын. Ал, басқа ешқашан ешкімнен өзім үшін бір тиын алған жоқпын. Алмаймын да. Мен екі баламен жалғыз, жесір қалып, бір үзім нан, жейтін тамақ таппай отырған кезде де ешкімге алақан жайған емеспін. Ол менің азаматтық ар-ожданыма, өмірлік принциптеріме, қағидаларыма жат нәрсе.

Ал, менің аналарды ашық митингке шақырғанымды дәлелдесін. Ол да өтірік, жала.

Абзал Құспан, заңгер: “Мен Сәулені жаланың құрбаны қылып қарап отыра алмаймын”.

- Бұл барып тұрған - провакация. Биліктің қолдан ұйымдастырып отырған шарасы. Өкінішке қарай, біздің құқық қорғау органдары мұндай іспен өте жиі айналысады. Осындай қолдан ұйымдастырылған іс-шараларды тоқтатпайтын болсақ, біз ешқашан ел болмаймыз. Мұны талай жерде айтқанмын.

Сәуленің айтып жүрген сын-пікірлерінің барлығы дамыған, өркениетті елдерде қалыпты жағдай. Ешкім бұл мемлекетке риза болуға міндетті емес. Бұл сын-пікірге байланысты тек, Қазақстан сияқты дамымай қалған мешеу елдерде болатын реакция.

Сәуле қандай заңсыз іске барды? Иә, қоғамда осындай заңсыздықтар жалғаса беретін болса, митингке шығамын деді. Бірақ, ешкімді митингке шақырған жоқ. Соған бола адамдардан арыз жинап алып ұйымдастырудың түк те қиындығы жоқ. Оның чатында 70 мыңнан астам ана отырды. 70 мыңның ішінен 7 адам тауып, өтірік арыз ұйымдастыру олар үшін түк емес. Біздің адамдар өкінішке қарай, осындай өтіріктерге жиі барады. Біз жала жабуға болмайтынын түсінбей келе жатырмыз. Бірақ, айналып келгенде сол адамдардың өздері зардап шегеді. Ертең сол арыз жазғандардың өздерінің балалары солай істі болады. Сондықтан, біз біреудің обалына қалуға болмайтынын түсінуге тиіспіз.

Бізде кез-келген адамға жала жапқызып, халықтың алдында беделі мен танымалдығы артып бара жатқан адамдарға осындай лас әрекеттер қолданады. Мұны полиция да, құқық қорғау органдары да жақсы біледі.

Мен өзім Жаңаөзен сотына қатысқан кезімде, маған қайта-қайта полиция тарапынан ескерту жасалған. 74 жәбірленушіні жалғыз өзім қорғап жатқанда “келмей-ақ қой” деген смс-тер, телефонмен хабарлар түскен. Сол кезде бір әйел менің үстімнен “Абзал Құспанов мені зорлағысы келді” деп арыз жазған. Мені сол үшін адвокат басыммен соттап жібере жаздаған. Сондықтан талай адамды қорғап жүрген адвокат ретінде мұндай жағдайлар маған жақсы таныс. Және, Сәуленің қандай адам екенін де жақсы білемін. Сондықтан, мұның 100 пайыз жала екенін толық сеніммен айта аламын!

Мен қазір Астанада бір үлкен істің аясынан шыға алмай жатырмын. Бірақ, Сәулемен байланыстамын. Байланыста бола беремін. Міндетті түрде бұл іске араласамын!

Мен Сәулені жаланың құрбаны қылып қарап отыра алмаймын!

Біз аталған жағдайға байланысты Алматы қалалық Ішкі Істер Департаментіне бірнеше рет хабарласқан едік. Алайда, олармен байланысу мүмкін болмады. Алдағы уақытта бұл іске қатысты ІІД нің де ресми жауабын жариялайтын боламыз.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін