Белгілі болғандай, 10 шілдеге қараған түні Ақтөбе қаласында Жуковский мен Әкімжанов көшелерінің қиылысында 22 жасар ақтөбелік — «Мазда» көлігінің жүргізушісіне қарулы шабуыл жасалып, ол алған жарақаттарынан ауруханада көз жұмды. Аталмыш адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында полицейлер осы іске қатысы бар 24-26 жас аралығындағы төрт ақтөбелікті анықтады. 25 шілде күні криминалды полиция қызметкерлері «Арлан» арнайы бөлімшесінің жауынгерлерімен бірлесе отыра, қаланың жанар май стансаларының бірінде ішінде күдіктілердің үшеуі отырған ВАЗ-2104 көлігін тексерді. Олардың тінту кезінде, біреуінен «ТТ» маркалы тапанша мен 9 мм. оқтар табылды. Кеше түнгі уақытта ағайынды Жұбановтар көшесінде еш жерде жұмыс жасамайтын 24 жасар ақтөбелік — төртінші күдіктіні ұстау кезінде, полицейлер мен оның арасында атыс туындады.
Жас жігіт ішкі істер органдарының қызметкерлеріне қарулы қарсылық көрсетті. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, жақын жерде үйлердің тұрғындары қауіпсіз жерге көшіріліп, күдіктінің көзі жойылды. Одан полицейлер тегіс ұңғылы шолақ мылтық пен оқ-дәрілерді тапты.
Прокуратура тарапынан полиция қызметкерлерінің атыс қаруын пайдалануы заңды деп танылды. Қазіргі уақытта тергеу жүріп жатыр.