"Айлық жалақысы миллион теңге. Бірақ, жұмыс ауыр, дайындалып келіңдер": Шетелге жұмысқа кеткен қазақтардың ахуалы - kaz.caravan.kz
  • $ 443.44
  • 480.51
+17 °C
Алматы
2024 Жыл
17 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Айлық жалақысы миллион теңге. Бірақ, жұмыс ауыр, дайындалып келіңдер": Шетелге жұмысқа кеткен қазақтардың ахуалы

"Айлық жалақысы миллион теңге. Бірақ, жұмыс ауыр, дайындалып келіңдер": Шетелге жұмысқа кеткен қазақтардың ахуалы

Шетелге жұмысқа кеткен қазақстандықтардың жалақысы мен жағдайы қандай? Расымен айлықтары миллион ба? Жұмыс қаншалықты ауыр?

  • 25 Тамыз 2023
  • 403
Фото - Caravan.kz

Осы және өзге де сұрақтар бойынша Caravan.kz медиа порталының тілшісі шетелге жұмысқа жіберумен айналысып жүрген Үміт Айтбаймен сұхбаттасты.

— Үміт ханым! Шетелге жұмысқа жіберумен айналысып жатқаныңызға қанша уақыт болды? Бұл салаға қалай келдіңіз

— Бұл салада жұмыс жасауымның себебі, өзім шетелде біраз уақыт тұрдым, оқыдым. Шетел тілін білгендіктен көп саяхат жасаймын. Ең бастапқыда өзіме виза жасаудан бастағанмын. Содан айналамдағылар, таныс, туыс-тумаластарым виза жасап беруімді өтініп, сұраныс арта түсті. Осылайша, виза жасау, жұмысқа жолдама беру бағыттарын қолға алдым. Қазіргі таңда бала күтімімен айналысып отырғандықтан, жұмысым өте ыңғайлы. Әр уақытта сұраныс әр мемлекеттен келеді. Соған қарай, жұмыс жүре береді.

Шетелге жұмысқа жіберу жұмысымен айналысып жатқаныма 3 жыл болды. Оған дейін мен басты визалармен айналысатын едім. Шенген виза болсын, Азия елдеріне, Америкаға визалар жасайтынмын.

Бұл салаға келуімнің басты себептері, сұраныс өте көп болды. Себебі, мен Америкаға виза жасағандықтан, көбісі жұмысқа баруға, ұсыныстар түсу арқылы жүзеге асты. Бізбен бірге жұмыс жасасаңыз, шақырту әкеліп берсек, клиенттеріңізді бізге жібере аласыз ба деген секілді сұраныс көп болған соң, қолға алдым.

— Шетелге жұмысқа сұраныс қалай? Жұмысқа шыдамай қайтып келетіндер бар ма?

— Қазіргі нарықта шетелге жұмыс жасауға сұраныс өте көп. Сұраныс көп болғандықтан мен қазір осы саламен айналысып жатырмын. Тек заңды түрде ғана жібереміз. Қай мемлекеттен нақты шақырту келеді, сол мемлекетке жұмыс визасын алып беруге көмектесеміз.

Айтып өткенімдей, шетелде жұмысқа сұраныс өте жоғары. Былайша айтқанда, он адамның жетеуі десем артық болмас. Қыдыру мақсатында емес, көпшілігінің сұранысы жұмысқа бару бойынша. Сонымен қатар, жалақысы жоғары болғанды талап етеді. Қазіргі таңда ең бастысы Англия. Бірақ, Англияда жұмыс мерзіммен болғандықтан, ол жаққа тек сол мерзім уақытында жібере аламыз. Ал, енді Еуропада Қазақстанның басқа мемлекеттері үшін, жалақы өте жоғары деп айта алмаймын. Тек, Польша мемлекеті арқылы ғана Еуропаға кіру мүмкіндігі болғандықтан, көбінде Польшаға жібереміз. Ары қарай, өздері жол тауып, жұмысқа кетеді. Польшада айлық жалақы Англияға қарағанда төмен. Жұмысқа шыдай алмайтындар болады. Түрлі қиындықтар болады. Басқа жұмысқа ауысып жатады.

— "Айлық жалақысы миллион теңге. Бірақ, жұмыс ауыр, дайындалып келіңдер" дейтіндер бар әлеуметтік желіде.  Осы жөнінде айтарыңыз

— Иә, әрине жұмыс өте қиын. Аудиторияма үнемі ескертіп отырамын. Бармас бұрын, нақты ойланып барыңыздар деп айтамын. Қазіргі сұраныс көбінде Англияға түседі. Англияда миллионнан жоғары айлық жалақы алады. Бірақ, жұмыс өте ауыр. Сол үшін шыдамды болу керек. Көпшілігі шыдамай, қалаға кетіп қалады. Ол біріншіден барған компанияның атына минус келтіреді. Немесе қазақтардың атына минус келтіреді. Келесі жолы мерзімдік жұмысқа шақыртуға қазақтардан қабылдамай қоюы мүмкін.


Себебі, заңсыз жұмыс жасауға қалаға кетіп қалады, әр жерде жұмыс жасап жүр деген секілді. Англияға арналған виза мерзімдікке арналған. Ал, оны басқа жағына қолданып кететіндер бар. Сол жақта қалып кеткендер де болды. Тіл үйрену, оқу үшін де қалатындар жетерлік. Шетелге жұмысқа сұраныс өте көп болғандықтан, алданып қалып жататындар да бар.

— Қай елдерге жұмысқа жібересіз? Нақты сенімді ме

— Мен негізі заңды түрде бірінші бағытым – Англия. Шақырту келеді.

Екінші бағыт – Польшаға жіберемін. Бельгия, Герменияға сол Польша арқылы барады. Корея еліне де сұраныс өте көп. Бірақ, Кореяға жұмыс заңсыз болғандықтан, жібермеймін. Ол жаққа тек визасын жасап, КЕТА толтырып беремін. Тек заңды түрде жұмыс жасаймын.

— Көпшілікпен жұмыс болған соң, түрлі жағдайлар болатыны анық. Сондай оқиғалардың бірін айтып беріңізші

— Әрине, жұмыс болған соң түрлі жағдайлар болады. Өте шыдамсыз адамдар болады, балағат сөздер де естиміз.

Мынадай бір жағдаймен бөлісейін.

Барлық құжат дайын болып, адамдарды жіберейін деп жатқан кезде, Англиядағы компания лицензиясынан айырылып қалды. Оның бір себебеі, жоғары айтып өткенімдей, жұмысқа барған адамдар мерзімімен қайтпай, қалып қояды. Мысалы, алдыңғы жылы Индонезия елінен барған 200 адам қалып кеткен. Соның кесірінен, компанияға зияны тиіп, сот жүзінде лицензиясын алып қойды. Ал, ол компания 20 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан ең керемет компания болатын. Сондықтан, аяқ астынан не істерімізді білмей қиын жағдайға тап болдық. 20 адамды жіберейін деп отырған жерден, ол істі шешу, адамдарға түсіндіру өте қиын болды.

Айтып өткенімдей, халықпен жұмыс жасағандықтан, өзге елге жіберу мәселесі болғандықтан, осындай түрлі қиын жағдайлар орын алады.

Мен жіберген адам аман-есен жеткенше, қатты уайымдап, былайша айтқанда, тілеуін тілеп отырамын.

Соңғы жаңалықтар