Жарияланды: 160

Айқын Төлепберген: Ортада бала болмаса, әйелді ауыстыру оңай

Айқын Төлепберген: Ортада бала болмаса, әйелді ауыстыру оңай

Әнші бұрынғы әйелі Әселдің екінші рет тұрмысқа шығуына қарсы екенін айтқан болатын. Алайда ол ойынан айнып, бес жылдан кейін ұзату тойын өзі жасап беруге дайын екенін жеткізді.

Бұл туралы Сaravan.kz медиа-порталы  Sputniknews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды. 

Әнші Айқын Төлепберген Talk Like бағдарламасына берген сұхбатында жеке өмірі, той бизнес, эстрада жұлдыздарының әлеуметтік желіде лотерея ойнатуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik тілшісі.

Назарбаевтың шаңырағында өнер көрсеткен

Әнші тойды туыстарымен бас қосатын жер болғандықтан жақсы көретінін айтты. Сондай-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шаңырағында тойда болып, қолын алғанын жасырмады. Әншінің айтуынша, үлкен кісілер ақша жағынан сараңдық танытпай, қанша сұрасаң, сол бағаны төлейді.

"Тойды жабу керек, тоқтату керек деген адамдармен мүлде келіспеймін. Той – қазақтың қазынасы. Оны қалай өткізу – басқа шаруа. Тойға кредит алып жатсаң, ол – қате. Тойды қымбат мейрамханада жасау міндет емес. Оны үйіңде, шаңырағыңда құдалық сияқты жасауыңа да болады. Тойда туыстарыңды көресің. Оларды басқа қайдан көресің? Мен тойды жақсы көремін. Ол тойдан ақша тауып жатқанымнан емес. Бізді бай-қуатты адамдар ғана шақыра алады. Ал дүркіретіп той өткізу міндет емес", - деді әнші.

Әншінің айтуынша, Назарбаевтың отбасы өте қарапайым адамдар. Олардың алдында қысылып өнер көрсетсең, шақырмайды.  

Назарбаевтың отбасында болдым. Еселеп төлеу деген болған жоқ. Ол кісілер неше сұрайсың, сонша береді. Қысқартып, жеңілдік сұрамайды. Өз тойларында өздерін қарапайым ұстайды. Үлкен кісілердің тойларына шыққан әнші өзін еркін сезінуі керек. Қысылатын болсаң, сені шақырмайды. Мен басты адамдардың қолдарынан ұстап, билеңіз де ортаға шығарамын. Әншінің мақсаты да – осы", - дейді Төлепберген.

Назарбаевтың тойында болған әнші Тоқаевтың шаңырағындағы тойға қатыса ма, оны уақыт көрсететінін айтты.

"Нұрсұлтан ағамыздың қолынан бір рет ұстадым. Кішігірім жиын болды. Мені таныстырды, "Ассалаумағалейкум, аға" деп қолын алдым. Дариға Назарбаеваның да қолынан танысқан кезде ұстадым. Ал Тоқаевтың шаңырағындағы тойда әлі болмадым, бірақ мемлекеттік жиында алдында өнер көрсеттім", - деп шынын айтты әнші.

Фонограммамен ән айту – ұят

"Мен үшін фонограммамен ән айту – ұят. Кез келген той, концертте жанды дауыста ән айтуды жөн санаймын. Біздің әншілер вокалға да бармайды. Өмірінде вокалға бармаған әншілер де бар", - деді әнші.

Алайда кімді меңзеп тұрғанын ашып айтқысы келмеді. Себебі бір қазанда қайнап, бір саладан нанын тауып жеп отыр. Олардың атын атауды ұят санайды. Сондай-ақ, әріптестерінің желіде түрлі ұтыс ойнатуын алдау деп қабылдамайды. Тек салықты уақытында төлеп отыру керек дейді.   

Лотерея ойнату – алдау емес. Бірақ салық төлемеу – ұят. Егер сен өзіңнің Mercedes маркалы көлігіңді лотерея ойнатып, сатып, одан пайда тауып, бірақ салық төлемесең, ол – қылмыстық жауапкершілік. Бәрі заңды түрде болуы керек", - деді ол.

"Ғашық болып қалдым"

Айқын Төлепбергеннің бірінші әйелінің есімі – Әсел. 2017 жылы әнші Жұлдыз Өмірғалимен отбасын құрған болатын. Әнші отбасына қатысты сауалдарға жауап берді.  

"Әйелім Жұлдызбен көңіл қосқанымды 3 аптадай білген жоқ. Білген кезде ұрсыстық. Бірақ солай болып қалды. Елдің бәрі Жұлдыз бала көтеріп қалды, сондықтан үйленді деп айтып жатады. Олай емес. Жұлдыз екеуміз жарты жылдай бірге бөлек тұрдық. Әсел білді. Жұлдыз екеуміздің ұлымыз жоспарлы түрде дүниеге келді. Шынымды айтсам, мен ғашық болып қалдым. Басым айналып қалды. Ғашық болған адамдар түсінеді. Халық бұл жағдай туралы бір жылдан кейін білді", - деді әнші.

Сонымен қатар Айқын енді мұндай әрекет жасамайтын шығармын деп ақталды.

"Мәселе әйелде емес. Ортада бала болмаса, әйелді ауыстыру оңай екен. Ал арамызда бала болған соң, баланы қиып кету, оған басқа үйде тұратыныңды түсіндіру қиын екен", - деді Төлепберген.

Айқын бұрынғы әйелі Әселдің екінші рет тұрмысқа шығуына қарсы екенін айтқан болатын. Алайда ол ойынан айнып, бес жылдан кейін өзі ұзату тойын жасап бере алатынын жеткізді.

"Әселдің басқа адамға тұрмысқа шығуына жол бермеймін дегенім – еркектік эгоизм. Оны уақыт көрсетеді. 5 жылдан кейін өзім-ақ ұзатуын жасап беретін шығармын. Бақытты ана ғана балаларын бақытты қылады. Жақсы азамат кезіксе, неге шықпасқа?! Бірақ балалар өссін. Әсел мені таңдағанда да ұзақ шешім қабылдады", - деді ол.

Айта кетейік, Айқын Төлепбергеннің төрт баласы бар. Екеуі – алғашқы некеден. Жұлдыз Өмірғалимен бірге 2 бала өсіріп отыр.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін