Жарияланды: 540

Ахметов ісі: Тағы бір куәгер айыптауға қатысты куәлік жасады

Ахметов ісі: Тағы бір куәгер айыптауға қатысты куәлік жасады

Қарағанды облысының сотында Серік Ахметов пен басқа да жоғары лауазымды шенеуніктерге қатысты қылмыстық іс бойынша куәгерлерді тыңдау жалғасуда. 

Атап айтқанда, Қарағанды индустриалдық паркінің инфрақұрылым құрылысы барысында бюджеттік қаражаттың жымқырылғаны туралы эпизод бойынша «Eco-treatmentsystems» ЖШС директоры Думан Нұрбаев   куәгер ретінде сұралды.

Еске салайық, бұған дейін сот отырысы барысында қылмыстық іс бойынша айыпталушының бірі - Қазақстан  өнеркәсіптік корпорациясының бас директоры Әлжан Ақмолдаев  куәгер ретінде сөйлеп, Серік Ахметовтің қамқорлығының арқасында оның «Центрстрой-комплект НС» ЖШС компаниясы Қарағанды индустриалдық парк инфрақұрылымдық нысандарын салуға тиімді қосалқы мердігер ретінде алғанын мәлімдеген.

Думан Нұрбаев 2010 жылы «Eco-treatmentsystems» ЖШС-ін құрып, оның қызмет аясына тазарту құрылыстарының жүйесін монтаждау бағыттары қамтылған болатын. 2011 жылы ол «Центрстрой-комплект НС» ЖШС директоры Е. Асановпен, тура сол жылы Ә. Ақмолдаевпен танысып, бірден шүйіркелесе кетеді. Олар кейіннен түрлі іс-шараларда кездесіп, онда бір-бірлеріне өздерінің, компанияларының немен айналысатын айтып берген.  

Осындай кездесудің бірінде Ә. Ақмолдаев одан индустриалдық паркте жұмыс істеуге қатысуға қызығушылығын сұрайды. Бұған Д. Нұрбаев келісімін береді.

Кейіннен Д. Нұрбаевты облыс әкімдігінің отырысына шақырып, ондағы отырысқа іс бойынша айыпталушылар - А. Ессе, Ә. Ақмолдаев, Е. Асанов пен тағы басқалары да қатысқан, ал отырысқа облыс әкімінің орынбасары Г. Мұхамбетов төрағалық еткен. Осы басқосуда шаруашылық-тұрмыстық суларды тазарту технологиясының жүйесін алмастыру туралы мәселе көтерілген болатын. Нәтижесінде бас жоспарда бекітілген чехиялық компанияның ұсынысынан бас тартып, жобаға балама компания ретінде «Eco-treatmentsystems» ЖШС-ін тарту туралы шешім қабылданады. Басты шарт - сметалық қаражатты және жобаланған құрылыс қуаттылығын сақтау.

«Біз облыс әкімдігінде бірнеше мәрте болдық, соның ішінде 2011 жылдың соңына таман облыс әкімінің орынбасары Мұхамбетовпен осы мәселе бойынша бірнеше рет кездестік. Оның кабинетінде де бірнеше рет болдым (...). Ол бір жолы маған: жоғары лауазымды шенеуніктерден кіммен жұмыс жасайтынымды, немесе кімнің қамқорлығында тұрғанымызды сұрады. Бұның кейінгі мүдделер қақтығысын болдырмау үшін қажет екенін түсіндірді. Мен жоғары лауазымды шенеуніктердің ешқайсысының да қамқорлығында емес екендігімді айттым. Біз нақты нарықтық принциппен жұмыс жасайтын компания екендігімізді түсіндірдім. Бұл жауап оны қанағаттандырған жоқ.  Оның кабинетіндегі келесі бір кездесуде ол біздің жұмыс істеп кетуімізге, бәрі бізде ойдағыдай болуы үшін белгілі бір шарттар бар екенін еске салды(...). Келесі бір жолы әлгі шарт тереңдей түскен сайын ол қағаз бен қалам шығарып, онда бірдеңе жазып маған осы шартты орындау қажеттігін түсіндіргендей болды. Қағазда «15%» деп жазылған болатын», - дейді Д. Нұрбаев.

Ол осыдан келісімшартта қарастырылған соманың пайыздық қатынасына көрсетілген соманы қайтару талап етілетінін түсінгенін айтты. Бұдан соң, ол өз компаниясының қиын жағдайда тұрғанын ескере келе, біраз ойланғаннан соң жоғарыда көрсетілген шарттармен келісетінін жеткізген.  Осыдан соң «Eco-treatmentsystems» ЖШС құрылыс пен монтаждың қажетті технологиялық схемасын әзірлеген. Бұл мәселелердің барлығын Ә. Ақмолдаев бақылап отырды. Ал құрылғылардың сметалық бағасы Д. Нұрбаевтың өзі жасаған прайс-парақша бойынша айқындалады. Осылайша, оның айтуынша, жобаның құнын еселеп арттыруға қол жеткізілген.

Айта кетерлігі, Ақмолдаев оған монтаждау жұмыстарына келісімшартты «Eco-treatmentsystems» ЖШС-мен, ал құрылғыларды жеткізу келісімшартын өзі басқаратын «Sapa Projekt Group» компаниясымен жасау қажеттігін хабарлаған.

«Ақмолдаев келісімшарт жасау барысында ол осы келісімшартта көрсетілген қаражаттан белгілі бір соманы қайтару керектігін ескертті, бұл шамамен 2 млн. АҚШ доллары төңірегінде болатын. Мен бастапқыда бұны бірден қабылдаған жоқпын, дегенмен бағаны қалыптастыру және басқаларын да есепке ала келе (...) бұндай шартқа өз келісімімді бердім», - деді Д. Нұрбаев.

Бұл ретте Ақмолдаев ақша өзі үшін емес, «шеф» үшін берілетінін ескерткен болатын.

«Ол «шеф», «басшылар» деген сөзді айтқан сайын саусағын жоғары шұқшитатын. Мен бір жолы «басшылық» дегеннің кім екенін, немесе олардың кімдерден тұратынын білгім келді. Ал ол, жаңылмасам 2012 жылы болуы керек, «бұл шеф, енді одан да үлкен шеф болғанын» түсіндірді. Міне, осы әңгімеден мен бұның Ахметов туралы екенін ұқтым. Өйткені, тура сол кездері Ахметов вице-премьер ме, премьерлікке ме тағайындалып жатқан, бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдарында айтылып жатқан болатын», - деді Д. Нұрбаев.

Нәтижесінде барлық өзгерістер нақтыланғаннан соң 2012 жылдың 1 ақпанында «Sapa Projekt Group» ЖШС-мен жалпы сомасы 1 млрд. 586 млн. 465 мың теңгеге келісімшарт жасалады, бұл қаражатқа Қарағанды индустриалдық паркінің кәріздік тазалау құрылысына бірегей құрылғылар жеткізу көзделген болатын. Ал «Eco-treatmentsystems» ЖШС-мен құрылыс-монтаждау жұмыстары үшін 334 млн. 583 мың теңгенің келісімшарты жасалған. 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін