Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Жоспарға сәйкес, тереңдету жұмыстары кезінде алынған топырақ жағадағы тайыз жерлерге төселеді. Нәтижесінде порттың ауданы 170 гектарға ұлғайып, жаңа айлақ салынады. Министрдің айтуынша, соңғы жылдары Каспий теңізінің күрт тайыздануы кемемен жүк тасымалына кері әсер етіп отыр. Кемелер қайырлап қалу қаупі жоғары болғандықтан, олар мұнай мен басқа да тауарларды толық көлемде тиеуге мүмкіндік бермейді.
Биылғы жылы Ақтау порты арқылы 1355 тонна жүк ауыстырып тиелді. Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20%-ке жоғары көрсеткіш. Сондай-ақ биыл жыл басынан бері 17 мыңнан астам контейнер тасымалданса, өткен жылдың алғашқы тоқсанында бұл көрсеткіш 7 мыңды құраған. Қазақстаннан тасымалданатын негізгі жүктер – астық, мұнай, металл және басқа да тауарлар. Олар Иран, Әзербайжан, Ресей мен Түрікменстанға жеткізіледі.
Сала мамандарының айтуынша, теңіз деңгейінің төмендеуі салдарынан кемелерге бұрынғыдай толық жүк тиеу мүмкін болмай қалды.
Құрғақ жүктер 6 мың тонна жүктелсе, қазір 5 мың тонна жүктейді. Егер 6 мың тонна жүктесе онда асты тиіп қалады. Егер осы жылдың соңына дейін тереңдету жұмыстарын жүргізбесек, одан әрі қарай тереңдеп бастаса теңіздің деңгейі, кемелік тасымалдау рентабельдігі азаяды. Тиімсіз болады, — деді «Ақтау теңіз сауда порты» ҰК» АҚ бөлім бастығы Ерболат Тілепиев.
Көлік министрі Марат Қарабаев мамыр айында тереңдету жұмыстары басталатынын атап өтті.
Мамыр айында жұмыстар басталады деп жоспарлап отырмыз. Оның қаражатының бір бөлігі ҚТЖ-ның өзінің есебінен, бір бөлігі Үкімет тарапынан қосымша беріліп отыр. Жұмыстың жылдың соңына дейін бір бөлігін бітіреміз. Екінші кезеңін келесі жылы жасайтын боламыз, — деді министр.
Сондай-ақ, бұған дейін Құрық теңіз айлағында да теңіз суының шегінуі салдарынан қиындықтар болған. 2024 жылы бұл портқа 25 млрд теңгеден астам қаражат бөлініп, төрт ай ішінде кіреберіс каналы 8 метрге тереңдетілді. Құрық порты арқылы жылына 6 млн тонна жүк тасымалданады. Оның 4,1 млн тоннасы теміржол арқылы, ал 1,9 млн тоннасы автокөлікпен жеткізіледі.