Бұл ретте қаржы мамандары Қазақстанның болашағына алаңдаушылық білдіріп, болжамдарымен бөлісті, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Ақ үй тарифті тоқсан күнге тоқтатты. Жағдай сәл тұрақталғанымен, алда не күтіп тұрғаны белгісіз. Бұл дауыл алдындағы тыныштық па, жоқ па, оны ешкім дөп басып айта алмайды.
Егер әлемдік дағдарыс басталса, оның зардабын бәрі тартатыны анық. Қаласақ та, қаламасақ та, шындық осы.
Кей сарапшы алдағы дағдарыстың күші 2008 жылғы қаржылық дағдарыстан да, 1997 жылғы Азия нарығының құлауынан да күшті болуы мүмкін екенін алға тартады.
Бұл қауіптің бастауында АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы жатыр, ол Дональд Трамп әкімшілігі кезінде басталып, басқа да экономикалық жанжалдармен ұласуда. Тарифтердің көтерілуі, жаһандық жеткізу тізбектерінің бұзылуы, протекционизмнің күшеюі және технологиялық бәсекелестіктің ушығуы әлемдік экономиканың тұрақтылығына ұзақ мерзімді қауіп төндіреді.
Ықтимал дағдарыстың себебі түсінікті. Алып державалар өзара келісе алмай, бір-біріне сауда соғысын ашып жіберді. Оған ешкімнің ықпал етуге қауқары жетпейді. Дегенмен жағдай осылай екен деп қол қусырып отыра алмайсың. Қазақстан да қарап жатқан жоқ. Президенттің тапсырмасымен жүйелі жұмыс басталды. Үкімет ықтимал оқиғалардың бәрін анықтап, соларға дайындалып жатқан көрінеді.
Трамптың тариф саясаты Қазақстанға аса қатты әсер етпеуге тиіс. Өйткені біздің АҚШ-қа сататын тауарларымыз аталған елге жеткізетін экспортымыздың 4,5 пайызын ғана құрайды. Салыстырмалы түрде қарағанда, бұл аса қатты көп емес. Сондықтан бізге салынған тарифтердің экспортқа үлесі ерекше байқалмауы қажет.
Тоқаев Шымкентте әлемдегі жағдайға қарамастан Қазақстан стратегиялық бағытынан айнымайтынын мәлімдеді. Демек, жоспарланған ірі инфрақұрылымдық жобалар уақытылы аяқталып, қолданысқа берілуге тиіс.
«Сондықтан «белді бекем буып», кей жерде үнемдеуге тура келеді. Иә, мұндай жағдайда кей азаматтардың өмір сүру сапасы төмендеуі ықтимал. Бірақ 90-шы жылдары бұдан да жаман жағдайда өмір сүргенбіз. Бұл қиындықты да еңсере аламыз», — деп жазды Айбар Олжаев.
Бұл ретте Президент тарифтік соғыстар туғызған әлемдегі жағдай бойынша іс-қимыл жоспарын нақтылады.
Қауіпсіздік Кеңесінің жұмыс отырысында Премьер-министр Олжас Бектеновтің, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің, сондай-ақ басқа да құзыретті органдар басшыларының баяндамалары тыңдалды. Президент қазіргі жаһандық экономикадағы ахуалдың тұрақсыз сипат ала бастағанын, сондықтан кез келген жағдайға дайын болу қажет екенін атап өтті.
«Үкіметтің міндеті – халықтың әл-ауқатын, экономикалық өсім қарқынын және тартылатын инвестиция көлемін төмендетуге жол бермеу, – деді Мемлекет басшысы.
Ия, кризис сын, бірақ ол жаңа мүмкіндіктер ашады. Қазақстан экономикалық, көлік-логистикалық және адами әлеуетін нығайтуға ықпал ететін нақты стратегиялық бағыттарын тоқтатпау керек.
«Халық алдындағы негізгі әлеуметтік міндеттемелердің бәрін орындауға және маңызды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруды жалғастыруға тиіспіз», – деді Президент.
Мемлекеттің қаржылық тұрақтылығын сақтау мен ақша-несие саясатын іске асыру тетіктерін жетілдіруге ерекше назар аударылып отыр. Демек инфляция мен ұлттық валюта бағамына бақылау күшейеді.