Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауындағы жеңісімен құттықтады.
Бұл туралы Кремльдің баспасөз қызметі хабарлады.
Ресей мемлекеті басшысының құттықтау жеделхатында дауыс беру қорытындылары Қазақстан азаматтары арасындағы Н.Назарбаевтың жоғары беделін, Мемлекет басшысының елді әлеуметтік-экономикалық жеделдете дамытуға, еуразиялық ықпалдастық үдерістерге белсене қатысуға және Ресеймен стратегиялық әріптестік мен одақтастық қатынастарды нығайтуға бағытталған кең ауқымды бағытын қолдап отырғанын қуаттайтыны атап көрсетілген.
Ресей Президенті екіжақты байланыстардың барлық кешенін одан әрі өрістетуге, бірлескен жұмысты және диалогты жалғастыруға, сондай-ақ Ресей мен Қазақстан халықтарының мүддесі үшін Еуразиялық экономикалық одақ және басқа да халықаралық құрылымдар ауқымында құрлықтағы бейбітшілікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде сындарлы өзара іс-қимылға әзір екенін атап өткен.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті.
Владимир Путин Нұрсұлтан Назарбаевты президенттік сайлаудағы жеңісімен құттықтады.
Мемлекеттер басшылары екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері мен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын мерекелеу қарсаңында Мәскеуде болатын кездесу жөнінде пікір алмасты.
Телефон арқылы сөйлесуге Ресей жағы бастамашылық етті.
27 сәуірде Мемлекет басшысы Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенкомен телефон арқылы сөйлесті.
Александр Лукашенко Нұрсұлтан Назарбаевты президенттік сайлаудағы жеңісімен құттықтады.
Мемлекеттер басшылары екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері мен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын мерекелеу қарсаңында Мәскеуде болатын кездесу жөнінде пікір алмасты.
Телефон арқылы сөйлесуге Беларусь жағы бастамашылық етті.
Қырғызстан Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев Нұрсұлтан Назарбаевқа президенттік сайлаудағы жеңісіне орай құттықтау хатын жолдады.
Хабарламада Н. Назарбаев жеңісі қазақстандықтардың оның ел басшысы ретіндегі ерекше еңбегін бағалағанын, Қазақстанның дамуына, халықаралық аренада елдің беделін нығайтуға бағытталған саяси-экономикалық реформаларға сенімдерінің жоғары екендігін көрсететіні айтылған.
«Алдағы уақытта бірлескен күшпен туыстас қатынасты, одақтастықты, екі ел арасындағы әріптестікті дамыта түсетінімізге сенімдімін», — деп атап өтілген хабарламада.
А.Атамбаев қазақстандық көшбасшыға барлық мақсаттарды іске асыруда толағай табыстар мен мықты денсаулық, ал Қазақстан жұртшылығына бейбітшілік пен табыс тіледі.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Әбу-Дабидің Мұрагер ханзадасы, Біріккен Араб Әмірліктері Қарулы күштерінің Жоғарғы бас қолбасшысының орынбасары шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен телефон арқылы сөйлесті.
Әбу-Дабидің Мұрагер ханзадасы Елбасын президенттік сайлаудағы жеңісімен құттықтады және Қазақстанды ілгерілету мен өркендетуге бағытталған ауқымды реформалардың табысты жүзеге асырылатынына сенім білдірді.
Сербия Президенті Томислав Николич телефон арқылы сөйлесу барысында Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауындағы айқын жеңісімен құттықтады.
Қазақстан Президенті Сербияның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы Украинадағы дағдарысты реттеуге және ұйымға қатысушы-елдердің сындарлы диалогын дамытуға қызмет ететініне сенімін білдірді.
Мемлекет басшысы сондай-ақ қазақстан-серб достық қатынастарын одан әрі нығайта түсу жолындағы тығыз бірлескен жұмысқа әзір екенін қукаттады. Әңгіме серб тарапының бастамасымен болды.
Нұрсұлтан Назарбаев Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевпен телефон арқылы сөйлесті.
Ильхам Әлиев Нұрсұлтан Назарбаевты 26 сәуірде өткен кезектен тыс Қазақстан Президенті сайлауындағы сенімді жеңісімен құттықтады.
Сондай-ақ екі мемлекет басшылары 2014 жылғы 29 қыркүйектегі Астрахань қаласында Каспий маңы мемлекеттерінің төртінші Саммиті ауқымында өткен кездесу барысындағы қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асырудың және екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады.
Әңгіме әзербайжан тарапының бастамасымен өтті.
Мемлекет басшысы Венгрия Премьер-министрі Виктор Орбанмен телефон арқылы сөйлесті. Виктор Орбан Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік сайлаудағы айқын жеңісімен құттықтады және қазақстандық халық алдында тұрған ауқымды реформаларды жүзеге асыруда табыстар тіледі.
Сондай-ақ осы жылғы сәуір айында болған Венгрия Премьер-министрінің Қазақстандағы сапарының қорытындыларын ескере отырып, екіжақты қатынастардың перспективалары талқыланды. Әңгіме венгр тарапынынң бастамасымен болды.
Өзбекстан Президенті Ислам Кәрімов Нұрсұлтан Назарбаевты президенттік сайлаудағы жеңісімен құттықтады.
— Өткен сайлаудағы Сіздің айқын жеңісіңіз халықтың жоғары сенімінің және өзіңіздің көреген басшылығыңызбен жүргізілген, Қазақстан халқының бақуаттылығына, сондай-ақ елдің халықаралық аренадағы рөлі мен беделін арттыруға бағытталған қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық терең реформаларды қолдауының айшықты айғағы болды, — делінген жеделхатта.
Өзбекстан Президенті сан ғасырлық дәстүрлі достыққа, тату көршілестікке және өзара құрметке негізделген жан-жақты даму мен екіжақты қарым-қатынастың нығаюы бұдан әрі де екі ел халқының мүддесіне, өңірдегі бейбітшілік пен тұрақтылықтың сақталуына қызмет ете беретініне сенім білдірген.
— Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Сізге мықты денсаулық, сарқылмас күш-жігер және мемлекеттік қызметіңізге жаңа табыс, ал бауырлас Қазақстан халқына игілік пен бақ-береке тілеймін, — делінген құттықтауда.
Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон Нұрсұлтан Нпазарбаевты президенттік сайлаудағы жеңісімен байланысты шын жүректен құттықтады.
— Өзінің ерік-қалауы арқылы Қазақстан халқы елді өркендетуге, оның халықаралық аренадағы беделін үздіксіз арттыруға және халқының бақуаттылығына бағытталған Сіздің жасампаз саясатыңызды кеңінен және шүбәсіз түрде қолдайтынын бүкіл әлемге паш етті. Бұл жолда жеткен жетістіктер Сіздің есіміңізбен тікелей байланысты, — делінген жеделхатта.
Тәжікстан Президенті сондай-ақ өзара тиімді екіжақты қарым-қатынастың дамуын атап өткен.
— Сіз алда да елдеріміз бен халықтарымыз арасындағы өзара ықпалдастықтың аясы кеңейе, тереңдей түсуіне септігіңізді тигізе беретініңізге сенімдімін. Өз тарапымыздан біз екі мемлекет арасындағы достық қарым-қатынастың нығаюы үшін қажетті нәрсенің барлығын жасайтын боламыз, — делінген жеделхатта.
Соңында Эмомали Рахмон Мемлекет басшысына мықты денсаулық, ұзақ өмір, Қазақстанның дамуы жолында тың табыстар мен жаңа жетістіктер тіледі.
ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Нұрсұлтан Назарбаевқа оның президенттік сайлауда жеңіске жетуіне байланысты құттықтау жеделхатын жолдады.
Си Цзиньпиннің атап өткеніндей, Қытай мен Қазақстан — жақсы көршілер, достар және серіктестер. Дипломатиялық қатынастар орнатылған соң екіжақты байланыстар табысты дамып жатыр. Қытай Қазақстанмен қатынасына әрқашан үлкен көңіл бөліп, олардың стратегиялық әріптестігін сапалы жаңа деңгейге шығару үшін күш салуға дайын.
Түркия Республикасының Президенті Режеп ЕрдоғанНұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Республикасының Президенті болып сайлануына байланысты құттықтау жеделхат жолдады.
— Қазақстан Сіздің басшылығыңызбен халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған бастамаларын табысты жалғастыратынына сенімдімін. Біздің елдеріміздің арасындағы тілдік, мәдени және тарихи байланыстардың ортақтығына негізделген стратегиялық серіктестік бұдан әрі де халықтарымыздың игілігі үшін, сондай-ақ өңірдегі бейбітшілік пен тұрақтылық үшін дами беретініне тағы да сенім білдіремін, — деп атап өтілген жеделхатта.
Сонымен қатар, Режеп Ердоған таяуда Қазақстанға жасаған сапары кезіндегі жылы қабылдау мен қонақжайлық үшін Мемлекет басшысына ризашылығын білдірді.
Соңында Түркия Президенті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа мықты денсаулық, бақыт, табыс, ал Қазақстан халқына бақ-береке тіледі.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Малайзия Премьер-Министрі Наджиб Тун Разакпен телефон арқылы сөйлесті.
Наджиб Тун Разак Нұрсұлтан Назарбаевты 26 сәуірде өткен Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауындағы тарихи жеңісімен құттықтады.
Әңгіме барысында екі елдің көшбасшылары саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелерін егжей-тегжейлі талқылады.
Тараптар екі мемлекеттің өңірлік және халықаралық өзекті мәселелер бойынша ұстанымдары ұқсас екенін атап өтті.
Телефонмен сөйлесуге Малайзия тарапы бастамашылық етті.
Мемлекет басшысы атына оның Қазақстан Республикасы Президенті болып сайлануына байланысты Ресей Федерациясы Үкіметінің Төрағасы Дмитрий Медведевтен құттықтау жеделхаты келіп түсті.
Дмитрий Медведев Нұрсұлтан Назарбаевты президенттік сайлаудағы жеңісімен құттықтады.
— Сайлаудағы айқын жеңіс Сіз жүргізіп отырған стратегиялық бағыт Қазақстан халқының кең қолдауына негізделгенін көрсетті. Сіздің басшылығыңызбен республика әлеуметтік-экономикалық даму және азаматтардың әл-ауқатын арттыру бағытында алға ілгерілеуін жалғастыратынына сенімдімін, — делінген жеделхатта.
Ресей Премьер-Министрі қазақстандық серіктестерімен кооперациялық байланыстарды дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы өзара ықпалдастықты жандандыруға әзір екенін білдірді.
— Біз Сіздің Ресей мен Қазақстанды біріктіретін достықты, тату көршілік пен серіктестікті нығайтуға, түрлі салалардағы ауқымды экономикалық жобаларды жүзеге асыруға қосқан зор үлесіңізді бағалаймыз, — деп атап өтілген жеделхатта.
Соңында Дмитрий Медведев Қазақстан Президентіне мықты денсаулық, амандық және Қазақстан халқының игілігі жолында жаңа табыстар тіледі.
Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстандағы президенттік сайлаудағы жеңісімен Иран Ислам Республикасының Президенті Хасан Рухани құттықтады.
Бұл туралы Иран Республикасының Қазақстандағы Елшілігінен хабарлады.
«Құрметті Қазақстан Республикасының Президенті Аса мәртебелі Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мырза!
Сізді Қазақстан Республикасының Президенті болып қайта сайлануыңызбен құттықтаймын! Бұл таңдау Иран Ислам Республикасы мен Қазақстан Республикасының жауапты тұлғаларының екі жақты қарым-қатынастар аясында жоспарланған бағдарламаларды жүзеге асыруда еңбектерінің жемісті болуы үшін жақсы мүмкіндік жасайды.
Жаратушы Иемізден Сізге мықты денсаулық пен зор жетістіктер тілеймін. Қазақстанның дос әрі бауырлас халқы мен Үкіметі өркендеп, мерейі асқақтай берсін!» — делінген құттықтауда.
Венгрия Президенті Я.Адер өз құттықтауында Қазақстан Венгрияның Орталық Азия өңіріндегі стратегиялық серіктесі екеніне тоқталған.
«Саясат, экономика, мәдениет және білім беру саласындағы біздің байланыстарымыздың соңғы жылдары бұрынғыдан да қарқынды бола түскені үшін риясыз қуаныштымын. Біздің ынтымақтастығымызды тереңдете түсу жолында бар күш-жігерімді жұмсайтыныма сендіремін», — делінген жеделхатта.
Босния және Герцеговина президиумының төрағасы М.Иванич Нұрсұлтан Назарбаевтың жеңісі елді тиімді басқаруға байланысты халық сенімінің жоғары екенін айғақтағанына назар аударды.
Германияның бұрынғы Федералдық президенті Х.КелерҚазақстан Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен қазіргі кездегі сын-қатерлерге қарамастан, экономикалық реформалар мен демократиялық жаңғыру үдерісін зор қуатпен және жаңаша жігермен жалғастыратынына сенім білдірген.
Германияның бұрынғы Федералдық канцлері Г.Шредерде құттықтау жолдап, Қазақстан Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттігі кезінде таңданарлық табыстарға жеткенін және халықаралық қоғамдастықтың аса құрметті әрі танымал қатысушысына айналғанын атап өткен.
«Сіз Қазақстан мен Германия қарым-қатынастарының да соңғы 20 жылда керемет дамуына ғаламат үлес қостыңыз және сіздің ел Германия үшін өңірдегі маңызды серіктеске айналды», — делінген құттықтауда.
Барак Обама Нұрсұлтан Назарбаевты ҚР Президенті сайлауында жеңіске жетуімен құттықтады, деп хабарлады АҚШ-тың Қазақстандағы Елшілігі.
«АҚШ президенті Барак Обама Нұрсұлтан Назарбаевты жаңа президенттік мерзімінің басталуымен құттықтап, американдық халықтың атынан Қазақстан халқына жылы сәлемін жеткізіп, елге бейбітшілік пен игілік тіледі», делінген хабарламада.
Нұрсұлтан Назарбаевтың атына оның Қазақстан Республикасы Президенті болып сайлануына байланысты Германия Федералдық канцлері Ангела Меркельден құттықтау жеделхаты келіп түсті.
Ангела Меркель Нұрсұлтан Назарбаевты президенттік сайлаудағы жеңісімен шын жүректен құттықтайтынын жеткізген.
«Қазақстан Германия үшін маңызды серіктес болып қала береді. Сіз елдеріміз арасындағы сенімге құрылған серіктестік қарым-қатынастар аясын бұдан әрі кеңейту, сондай-ақ Қазақстанда демократия, құқықтық мемлекет және азаматтық қоғам қағидаттарын нығайту ісінде әрдайым Федералдық үкіметтің қолдауына сенім артуыңызға болады», — делінген жеделхатта.
Соңында А.Меркель Қазақстан Президентінің қойылған міндеттерді одан әрі жүзеге асыру бағытындағы жауапты қызметіне табыс тіледі.
Египет Президенті Абдель Фаттах ас-Сиси Нұрсұлтан Назарбаевты президенттік сайлаудағы жеңісімен шын жүректен құттықтады.
«Сіздің қажырлы қызметіңіз мемлекетті дамыту мен өркендетуге бағытталған. Екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және екі ел халқының игілігі үшін достық, тарихи байланыстарымызды кеңейтуге ниеттестік білдіруге рұқсат етіңіз», — делінген жеделхатта.
Соңында Египет Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа мықты денсаулық, ал Қазақстан халқына татулық пен бақ-береке тіледі.
Финляндия Президенті Саули Ниинистё Нұрсұлтан Назарбаевты президент сайлауындағы айқын жеңісімен құттықтады.
«Сізді Қазақстан Республикасы Президенті қызметіне сайлануыңызбен риясыз көңілден құттықтауға маған рұқсат етіңіз. Соншалық жоғары әрі жауапты қызметіңіздің одан әрі табысты болуына тілектестігімді қабыл алыңыз», — делінген жеделхатта.
Иордания Королі II Абдалла ибн Хусейн жеке өзінің және иордан халқының атынан Нұрсұлтан Назарбаевты президент сайлауындағы жеңісімен құттықтады.
«Қазақстанмен барлық саладағы мемлекетаралық қарым-қатынасымызды одан әрі де өрістетуге, сондай-ақ достас елдеріміздің мүддесі және бүкіл мұсылман әлемінің игілігі үшін қауіпсіздікті, тұрақтылық пен бейбітшілікті қамтамасыз етудегі күш-жігерімізді арттыруға деген ұмтылысымызды атап өткім келеді», — делінген жеделхатта.
Соңында Иордания Королі Нұрсұлтан Назарбаевқа мықты денсаулық тілеп, достас Қазақстан халқының ілгерілеуі мен өсіп-өркендеуіне ниеттестік білдірді.
Латвия Республикасының Президенті Андрис Берзиньштен Нұрсұлтан Назарбаевты президенттік сайлаудағы жеңісімен шын жүректен құттықтады.
«Елдеріміздің екіжақты қарым-қатынастарын тереңдетуге Сіздің қосып отырған жеке үлесіңіздің арқасында Латвия мен Қазақстанның арасындағы ынтымақтастықтың тұрақты түрде дамып, нығайып келе жатқанын айтқым келеді. Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы ынтымақтастықтың кеңеюіне жоғары баға беруге рұқсат етіңіз. Латвия өз тарапынан бұл үдеріске бұдан әрі де белсенді ықпал етуге ниетті», — делінген жеделхатта.
Латвия Президенті Қазақстан Президентіне мықты денсаулық және жауапты мемлекеттік лауазымында табыс, ал достас Қазақстан халқына гүлдену тілеген.
Моңғолия Президенті Цахиагийн ЭлбэгдоржданНұрсұлтан Назарбаевты президент сайлауындағы айқын жеңісімен құттықтады.
«Сізбен Моңғолия және Қазақстан арасындағы дәстүрлі достық қарым-қатынастар аясын одан әрі кеңейту ісінде ынтымақтасатынымызға қуанамын», — делінген жеделхатта.
Соңында Ц.Элбэгдорж Қазақстан Президентіне денсаулық, жұмысына табыс, ал достас Қазақстан халқына бақ-береке тіледі.