Жарияланды: 910

Әлемде күніне қанша адам АИТВ жұқпасына шалдығады

Әлемде күніне қанша адам АИТВ жұқпасына шалдығады

Әлемде күніне 5600-дей адам АИТВ жұқпасына шалдығады. Олардың 600-ге жуығы 15 жасқа дейінгі жасөспірімдер. 

Бұл туралы бүгін Алматыда халықаралық деңгейде «АИТВ жұқпасын тоқтату - АРТ терапиясымен емделушілер санын арттыру» тақырыбында өткен дөңгелек үстел барысында БҰҰ Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдеріне арналған АИТВ/ЖИТС бойынша біріккен бағдарламасының өңірлік директоры Виней Салдана мәлімдеді.

«Өкінішке қарай, АИТВ (Адамның иммун тапшылығы вирусы) індетіне шалдыққандардың 48 пайызы - әйелдер, ал 30 пайызы - 15-24 жас аралығындағы жастар. Бүгінгі таңда Шығыс Еуропа мен Орталық  Азия елдерінде АИТВ індетіне шалдыққан адамдардың жалпы саны - 1,5 миллионға жетеді. Жылына бұл аймақтарда 140 000 адам АИТВ жұқтырса, олардың ішінде 100 000-дай адам - Ресей азаматтары екендігін айта кеткен жөн. Ал жылына Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдерінде 62 000 адам ЖИТС-тен (Жүре пайда болатын иммундық тапшылық синдромы) көз жұмады», - деді өз сөзінде В. Салдана.

Сонымен қатар, ол әлем бойынша АИТВ індетіне, әсіресе Африка құрлығының, яғни Сахара шөлінің оңтүстік жағында орналасқан елдердің азаматтары көп  шалдығатындығын жеткізді.

«Өткен жылдың санағы бойынша жылына әлемде 2 миллионға жуық адам АИТВ індетіне шалдықса, олардың 66 пайызы Африка құрлығындағы Сахара шөлінің оңтүстігінде орналасқан елдердің азаматтары. Жыл сайын АИТВ індетін жұқтыратын екі миллионға жуық адамның ішінде ересектердің саны - 1,6 млн. адам болса, 15 жасқа дейінгі жасөспірімдердің саны - 220 мың. Ал жылына әлемде 1,2 млн. адам ЖИТС дертінен көз жұмады. Қазіргі таңда бүкіл әлем бойынша 36,9 млн. адам АИТВ індетімен өмір сүріп келеді. Олардың ішінде ересектердің саны - 34,3 млн. адам. Әйелдердің саны - 17,4 млн. болса, 15 жасқа дейінгі жасөспірімдердің саны -  2,6 млн. Мінеки, біз ғасыр дертін толығымен жеңдік деп әзірге ауыз толтырып айта алмаймыз. Дегенмен, соңғы жылдары АИТВ індетіне шалдығатындардың саны жылына екі есеге азайғаны байқалады. Қазір бүкіл әлемде осы ауруға қарсы вакцина ойлап табу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Антиретроқоздырғыштық дәрі-дәрмектер (АРВТ) өзінің тиімділігін көрсетуде. Қазір алдымызда тұрған бірінші міндет - АИТВ індетін жұқтырғандардың дәрі-дәрмектерге қолжетімділігін арттыру. Ал басты мақсатымыз - 2030 жылға қарай, бүкіл әлем бойынша АИТВ жұқпасына шалдыққандардың 90 пайызын дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету. Бұл үшін ғасыр дертімен бүкіл адамзат болып күресуіміз қажет», - деді В. Салдана.

Бүгінгі бас қосуға Біріккен Ұлттар Ұйымының АИТВ/ЖИТС бойынша біріккен бағдарламасы (UNAIDS), АҚШ-тың халықаралық даму бойынша агенттігі (USAID), АҚШ Президентінің АИТВ-/ЖИТС-ке қарсы күрес бойынша төтенше жоспары (PEPFAR) және АИТВ жұқпасымен өмір сүретіндердің Қазақстандық одағының жетекшілері мен мен өкілдері қатысты.  

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін