Жақында қала әкімдігінің сайтында жарияланған 2026–2030 жылдарға арналған даму жоспарында метроны кеңейту, LRT мен монорельсті іске қосу, негізгі магистральдарды ашу және қайта жаңарту, жаңа туристік кластерлер құру, қоғамдық кеңістіктерді жаңарту және тозығы жеткен жүздеген үйлерді бұзу қарастырылған. Төменде құжаттың негізгі бағыттарына кеңінен тоқталамыз.
Туризм
Негізгі бағыттардың бірі – Алматы тау кластерін дамыту болады. Аспалы жолдардың саны 16-дан 62-ге дейін ұлғайтылады, ал шаңғы трассаларының жалпы ұзындығын 252 шақырымға дейін жеткізу көзделген.
Сонымен қатар туристік маршруттар жүйесі қалыптасады. Бағыттардың ішінде Үлкен Алматы көліне, Медеуге және Жапон жолына баратын маршруттар көрсетілген. Маршруттардың жалпы ұзындығы 1200 шақырымға жетеді.
Қала ішінде жаңа нысандар қатарында 160-тан астам интерактивті экспонаты бар балалар ғылым музейі және халықаралық көрмелер мен іскерлік іс-шараларды өткізуге арналған жаңа EXPO-орталығы бар.
2030 жылға қарай Алматыда 60 жаңа қонақ үй ашылып, нөмірлік қор 19 мыңға дейін ұлғаяды. Сонымен қатар Алматы халықаралық әуежайы жаңғыртылып жатыр, оның өткізу қабілеті 14 млн-нан 19 млн жолаушыға дейін артады.
Медициналық туризм де дамиды, оның ішінде кардиохирургия, онкология және репродуктивті медицина бағыттары қарастырылған.
Көлік
2026–2027 жылдары келесі учаскелерді ашу және қайта жаңарту жоспарланған:
• Абай даңғылы – Әуезов көшесінен Қалқаман ықшам ауданы арқылы қала шекарасына дейін;
• Саин көшесі – Рысқұлов даңғылынан Мөнке би көшесіне дейін;
• Төле би көшесі – Яссауи көшесінен қала шекарасына дейін;
• Рысқұлов даңғылы – Оңғарсынова көшесінен қала шекарасына дейін;
• Тілендиев көшесі – қала шекарасына дейін;
• Жұбанов көшесі – Момышұлы көшесінен қала шекарасына дейін;
• Солтүстік айналма жол – қала шекарасына дейін;
• Райымбек даңғылы – Жетісу көшесінен Шығыс айналма жолына дейін;
• Оңғарсынова көшесі – Райымбек даңғылына дейін;
• Хмельницкий көшесі – Қайрат ықшам ауданынан Талғар тас жолына дейін;
• Мұқанов көшесі – Мақатаев көшесінен Райымбек даңғылына дейін.
Сонымен қатар келесі жобалар жоспарланған:
• Солтүстік айналма жол – Жансүгіров қиылысындағы көлік айрығын қайта жаңарту;
• Саин – Райымбек көлік айрығын күрделі жөндеу;
• Әл-Фараби даңғылындағы Есентай өзені арқылы өтетін көпірді қайта жаңарту;
• Назарбаев даңғылындағы (Жібек жолы арқылы) және Бөкейханов көшесіндегі (Рысқұлов арқылы) көпірлерді жөндеу.
Қазіргі уақытта Райымбек даңғылы бойында ұзындығы 17 шақырым BRT-коридоры салынуда. 2030 жылға дейін осындай 42 коридор салынып, олардың жалпы ұзындығы 296 шақырымға жетеді.
2026 жылы «Қалқаман» метро станциясы пайдалануға беріледі. 2030 жылға дейін бірінші желі «Барлық» базарына дейін ұзартылып, тағы 3 станция ашылады. Сонымен қатар екінші желі – «Жібек жолы» станциясынан әуежайға дейін (8 станция) және үшінші желі – «Сайраннан» «Солтүстікке» дейін (12 станция) жобалау сатысында.
Осы іс шаралармен қатар LRT салу жоспарланған: бірінші кезең – деподан «Алматы-2» вокзалына дейін, екінші кезең – «Барлық» және «Шығыс қақпасы» тораптарына дейін.
Сонымен қатар SkyTrain монорельсті жолы жобалануда. Бағыт Райымбек даңғылы, Саин көшесі, Әл-Фараби даңғылы және Шығыс айналма жолы бойымен өтеді.
Қалада сондай-ақ 55 шақырым жаңа веложолақтар және самокаттарға арналған 200 тұрақ пайда болады.
Қалалық орта
Билік Алматыны полицентрлі қала ретінде дамытуға ниетті. Төмендегі негізгі орталықтар қарастырылған:
• «Шығыс қақпасы» (әуежай ауданы) – EXPO-орталық, стадион, AI-парк, сауда және мәдени нысандар;
• «Батыс» – индустриялық аймақтар, тұрғын кварталдар және қоғамдық кеңістіктер (соның ішінде Almaty water garden саябағы), «Алматы-3» вокзалы.
Сонымен қатар «Тарихи орталық» (туризм және қызмет көрсету), «Солтүстік» (өндірістер мен базарларды көшіру және аумақтарды қайта игеру) және «Оңтүстік-батыс» (технопарк, сауда және логистика) полицентрлерін дамыту жалғасады.
Қоғамдық кеңістіктерге келсек, биылдың өзінде Flow park жаңа саябағы салынып, 38 қоғамдық кеңістік (саябақтар, скверлер, жағалаулар) абаттандырылады. Бұдан бөлек, Бірінші Президент саябағы қайта жаңартылып, 65 фонтан жаңғыртылады.
2026–2027 жылдары 68 көшені қайта жаңарту жоспарланған. Бұл жұмыстарға ғимарат қасбеттерін жаңарту, заманауи шамдар орнату, тротуарларды жөндеу және «қасбеттен қасбетке дейін» қағидаты бойынша абаттандыру кіреді. Сонымен қатар бұрын жарықтандырылмаған 1189 учаске жарықтандырылып, 200-ден астам нысанға сәулеттік жарық орнатылады.
Тұрғын үйді жаңарту және реновация
2030 жылға дейін 676 тозығы жеткен үй сүріліп, 7,5 мың меншік иесі жаңа баспанаға көшіріледі. «Тозығы жеткен тұрғын үй» бағдарламасы аясында 134 жаңа үй салынады.
«Компот» және «Татарка» сияқты аудандарды реновациялау мәселесі қарастырылуда. Сонымен қатар Сайран көліне шығыс жағында орналасатын Almaty Financial & Business District ірі жобасы жоспарланған. Мұнда кеңсе зәулім ғимараттары мен тұрғын кешендер, сондай-ақ әлеуметтік инфрақұрылым нысандары – бірнеше мектеп, балабақша, емхана және екі саябақ салынбақ.
Сондай-ақ 500-ден астам көпқабатты үйге күрделі жөндеу жүргізіледі. Жыл сайын шамамен 100 ғимарат жөнделеді. Жөндеу жұмыстарына шатырларды ауыстыру, инженерлік жүйелерді жаңарту, қасбеттер мен подъездерді жөндеу және лифтілерді ауыстыру кіреді.
Экология
Негізгі жобалар – ЖЭО-2-ні 2026 жылдың соңына дейін газға көшіру және ЖЭО-3-ті 2027 жылға дейін жаңғырту. Бұл шаралар арқылы осы көздерден шығатын зиянды қалдықтар 92%-ға қысқарады.
Сонымен қатар 100% газдандыру бағдарламасы жүзеге асырылады (Наурызбай ауданында 6,7 км газ желісін салу арқылы), сондай-ақ 2028 жылға қарай қоғамдық көлікті толық экологиялық отын түрлеріне көшіру жоспарланған.
Бұдан бөлек, мониторинг жүйесі құрылады: бақылау бекеттерінің желісі, ситуациялық орталық және ауа сапасын автоматтандырылған бақылау жүйесі іске қосылады.