Алматы әкімдігі «Инвестицияларды тарту бойынша Кешенді жоспар» әзірледі
![]() |
Алматы қаласының әкімдігі жеке және шетелдік инвестицияларға жағдай жасауға бағытталған «Инвестицияларды тарту бойынша Кешенді жоспарды» бекітті. |
Бұл туралы бүгін Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Жоспарды іске асыру қалаға 2016 жылдың аяғына қарай 30-ға жуық шетелдік инвесторларды тартуға мүмкіндік береді.
Жоспар 28 іс-шарадан тұрады және ол 3 топтамаға бөлінген. Олар: «Инвесторларға жағдай жасау», «Инвесторларды тарту» және «Инвестициядан кейінгі мониторинг».
Бірінші топтамаға инвесторлардың мәселелерін айқындау, сондай-ақ Алматы қаласының қолдағы бар бизнес-мүмкіндіктері туралы ақпараттық жұмыс жүргізу бойынша іс-шаралар кірді. Бұл топтама шеңберінде сұрақ-жауап жүргізу арқылы инвесторлардың жұмысына кедергі келтіретін мәселелер анықталады.
Бұдан басқа, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарында Алматы қаласының инвестициялық ахуалы мен бизнесті жүргізу мүмкіндіктері туралы материалдар жарияланады. Сонымен қатар, іске асырылатын жобалардың бизнес-жоспарлары, техника-экономикалық негіздемелері мен тұсаукесерлері «Open society» қағидаты бойынша ашық түрдегі қолжетімділікте, оның ішінде, инвестициялық мүмкіндіктердің интерактивті карталары арқылы орналастырылатын болады.
Екінші топтама іске асырудың барлық сатысындағы инвестициялық жобаларды алып жүруден, венчурлық инвестициялар форумын өткізуден және басқа да іс-шаралардан тұрады.
Үшінші топтамаға әрекет етіп жатқан инвесторлардың деректер қорын қалыптастыру және өзектендіру; инвесторларды заңнамадағы, рәсімдердегі және инвестициялау шарттарындағы өзгерістер туралы ақпараттандыру; әлеуетті инвесторлармен өткізілген кездесулердің тиімділігіне талдау жасау бойынша іс-шаралар кірді.
Шетелдік инвесторлармен кездесулер «Инвестицияларды тарту бойынша Кешендік жоспарды» іске асыру көздерінің бірі екендігі белгілі. Сондықтан да соңғы үш ай ішінде Алматы қаласының әкімдігі Швейцария, Польша, Германия, Австрия, Түркия, Румыния, Литва және басқа да елдердің әлеуетті инвесторларымен 60-қа жуық кездесу өткізді.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін