Жарияланды: 460

Алматы әкімі алма бақтарын қалпына келтіруді ұсынды

Алматы әкімі алма бақтарын қалпына келтіруді ұсынды

Бүгін Алматы әкімі қаладағы бизнес қауымдастық өкілдерімен кездесті. Жиын барысында қаланың 2016-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасы талқыланды.

«Экономиканың ең маңызды бөлігі  ШОБ өкілдері. Жаңа бағдарламаны сіздермен талқылауға бел будық. 100 нақты қадамды ШОБ субьектілерінсіз жүзеге асыру мүмкін емес. Осы уақыт аралығында 60 маңызды заң қабылданды. Бизнесті жүргізу, әлеуметтік стандарттар, шарттарды жүзеге  асыру үшін аса маңызды заңнамалық құжаттар қабылданды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жан басына шаққандағы ЖІӨ 600 АҚШ доллары еді, Қазір алматылықтардың жан басына шаққандағы ЖАӨ 29 мың АҚШ доллары болып отыр. Бұл көрсеткіш 20 жылда 17 есе өскен», - деді Б.Байбек.

Оның айтуынша, әлемдегі күрделі экономикалық жағдай Алматыға әсерін тигізбей қоймайды.

«Келер жылы қала бюджеті 20 пайызға қысқаруы ғажап емес. Сондай-ақ, салықтық база азаюы мүмкін. Іскерлік белсенділік түседі деген болжам бар. Бірақ, біз даму бағдарламасын жүзеге асыруға қажетті ресурстардың барлығы бар екендігіне әбден көз жеткіздік», - деді ол.

Қала әкімі Алматының символы болған алма бақтарын қайта қалпына келтіруді ұсынды.

«Бұрынғы Алматы естеріңізде ме? Мөлдіреген арықтар. Иісі аңқыған алмалар. Қазір қала маңындағы тау бөктерлерінің бәрі жеке қолға өтіп кеткен. Бірақ, айналысам деген бизнесмен болса, біз оларды тауып, жер бөлуге тырысамыз», - деді қала әкімі.

Айта кету керек, қала дамуының 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасын жасауға «МcKinsey&Company» компаниясының сарапшылары тартылды.

Бағдарлама жобасы almaty.gov.kz сайтында жарияланған. Қала тұрғындары келесі айға дейін ұсыныстарын almaty2020@a-a.kz электронды мекенжайына жібере алады.

 «Алматы-2020» бағдарламасында дамудың 7 негізгі бағыты қарастырылған: жайлы қала, қауіпсіз қала, әлеуметтік қала, экономикалық тұрақты қала, жеке капитал мен бизнеске жайлы қала, белсенді азаматтар қаласы, бейімделген қала.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін