Жарияланды: 520

Алматы әкімі үздік түлектерге «Алтын белгі» және гранттар табыс етті

Кеше кешкісін алматылық оқушылар мектептерімен қоштасты. Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайында 20-ыншы «Жас түлек» фестивалі өтті.

Оған Алматы қаласының 3 мыңға жуық үздік мектеп бітірушілері қатысты. Алматы әкімі Ахметжан Есімов биылғы мектеп бітірушілерді Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдығына тұспа-тұс келіп отырған өмірлеріндегі ерекше оқиғамен құттықтап, оларға ақ жол тіледі. «Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жастарды білімді, жігерлі, батыл және Қазақстанның нағыз патриоты болуға үнемі шақырады. Бұл қасиет сендерге өте қажет, сендердің ата-аналарың осыны арман еткен, ал ұстаздарың осынау ізгі қасиеттерді сендердің бойларыңа сіңіру үшін аянбай еңбек етіп, күш- жігерлерін жұмсады», - деді Ахметжан Есімов. Алматы әкімі мектеп түлектеріне сертификаттар мен «Алтын белгі» медальдарын, Алматының 15 жоғары оқу орнында білімдерін жалғастыру үшін 15 түлекке гранттарды табыс етті. 2011 жылы 8042 түлек мектеп бітірді, оларды 148-і алған білімдерін дәлелдеп, аттестатқа қоса «Алтын белгі» медальдарын, 115 түлек үздік аттестаттарын алды. Республикалық ғылыми сайыстарға, олимпиадаларға 159 оқушы қатысты, олдардың 98-і жүлдегер атанды. Алматының 91 оқушысы - халықаралық жарыстар мен олимпиада жеңімпаздары. Алматы командасы 6 жыл қатарынан республикалық олимпиадада бірінші орынды иеленіп келеді. 149 оқушы «Үркер» құрмет белгісімен марапатталған. 15 оқушыға Алматы қаласы бюджетінен жоғары оқу орнында білімдерін жалғастыру үшін әкімнің гранты берілді. Бұл грантты алушылар - жетімдер, толық емес отбасының балалары, мүгедектер.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін