Алматы базарлары 2020 жылға дейін заманауи сауда орталығына айналуы тиіс - әкімдік - kaz.caravan.kz
  • $ 443.35
  • 475.54
+6 °C
Алматы
2024 Жыл
26 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматы базарлары 2020 жылға дейін заманауи сауда орталығына айналуы тиіс - әкімдік

Алматы базарлары 2020 жылға дейін заманауи сауда орталығына айналуы тиіс - әкімдік

Алматыда барлық базарлар 2020 жылға дейін заманауи сауда орталығына айналып, тұрғындарға ыңғайлы болуы тиіс.

  • 23 Қараша 2018
  • 29
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы қалалық әкімдікте өткен жиында қала әкімінің орынбасары Алмас Мәдиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалада болатын шаралар тізіміне орай базарларды қайта жаңғырту жұмыстары 2020 жылға дейін аяқталады.

«Біз бұл жекеменшік инвестициялар екенін түсінеміз. Бізде бекітілген арнайы бағдарлама бар. Кәсіпкерлер мен әкімдіктің арасында келісімшарт бар. Соған орай, кәсіпкерлер барлық нысандарды бекітілген кестеге сәйкес уақытында сапалы түрде аяқтауға міндеттеледі», — деді әкімнің орынбасары.

Оның айтуынша, Алатау-2, Тастақ, Атакенттегі Қарқара, Айнабұлақ, Бахар және Үміт сияқты 6 базардың жөндеу жұмыстары биыл жыл соңына дейін бітуі керек. Тағы 5 базардың түрленуі келер жылы аяқталады.

«Кәсіпкерлердің арасында құжаттарын дайындамаған адамдар болса, бізбен ақылдаса отырып жақын арада эскиз жобаларын жасап өткізуі керек. Ол құжатты сәулет-құрылыс бақылау басқармасына мақұлдауға жіберу керек. Сонан соң әкімдікпен талқылау керек. Кеш болмай тұрғанда барлық базар иелері екі жылда ұсыныстарын көрсетіп үлгергені дұрыс. Бүгінде 39 базарды қайта жаңғырту эскизі мақұлданды. Қалада барлығы 57 базар жұмыс істеп тұр. Ең бастысы — базарлар үйілген контейнерлер формасынан ыңғайлы заманауи кешенге айналуы тиіс», — деді ол.

Алмас Мәдиев 20 мыңға жуық адам еңбек етіп жатқан базарлардың иелерін бағдарламаға селқостық танытпауға шақырды.

«Бізде өркениетті сауда болуы керек. Қалалық мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, көлеңкелі айналымда 2 млн теңге айналады. Адамдар салық төлемейді. Бір базарлар өзгеріп жатыр ма, басқалары да өзгерсін. Бәріне талап бірдей. Талапты орындамауға болмайды. Бұл жерде бақылау қатаң болады. Бірақ біз қолдауға да әзірміз», — деді Мәдиев.


Қала әкімінің орынбасары «Жібек жолы», «Бизнестің жол картасы» бағдарламалары аясында кәсіпкерлерді қолдауға көп қаражат бөлініп жатқанын айтты.

«Жібек жолы» бағдарламасының капиталдандыру көлемі 12 млрд теңгеге жетті. Бағдарлама жүзеге асқаннан бастап 250 субьект жеңілдетілген несие алған. Ал «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша 800 нысан қаржыландырылды.

Сонымен қатар, қала әкімінің орынбасары базарларда кассалық-чек аппараттарын енгізу міндеті алға қойылып отырғанын айтты.

Айта кету керек, шұғыл жиынның өтуіне «Мизам» базарының басындағы жайт себепкер болды.

Алматы әкімдігі мұның алдында Мизам базарының басшылығына қойылған талаптарды орындамағаны үшін 1,5 млн теңге айыппұл салған болатын.

Сауда орталығында азық-түліктің орнына жиһаз және басқа да тұрмыстық заттар сатылып келген. Сондай-ақ, уағдаласқан сауда орталығының орнына тез арада жылдам қарқынмен контейнерлер қабаты бой көтерген.

Соңғы жаңалықтар