Жарияланды: 220

Алматы халқы 2 миллион адамға жуықтады

Алматы халқы 2 миллион адамға жуықтады

Алматы халқы ресми түрде 1 млн. 800 мың адамнан асты.

Қазір қала халқының саны 2 млн. адамнан асты дейтіндер көп. Дегенмен де, біз ресми мәліметке сүйенеміз. Осы ретте сейсенбі күні Алматы қаласы бойынша Ста­тистика департаментінің жетек­шісі Бағлан Қарағұлов журна­листерге арнап «2018 жылдың қаңтар-маусымы аралығындағы Алматы қаласының әлеуметтік-экономи­калық дамуының қысқа­ша қоры­тындылары» деген тақы­рыпта баспасөз мәслихатын өткізді.

Онда алдымен Бағлан Абайбекұлы еліміздегі ең үлкен қала – Алматының әлеуметтік-экономикалық жағдайына тоқталып өтті. Оның айтуы бойынша, биылғы жылғы 1 шілдедегі жағдайға қарай Алматы халқы ресми түрде 1 млн. 800 мың адамнан асыпты. Әрине, бұл біз ойлағаннан әлдеқайда төмен. Бірақ ресми мекемелердің мәліметіне сүйенбесе тағы болмайды.

Сондай-ақ, биылғы бірінші тоқсанда халықтың орта есеппен жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табыстары ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің бағалауынша 130 085 теңгені құраған. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 3,9 пайызға жоға­ры екен. Ал енді осы кезеңдегі жұмыс­сыздар саны 49,6 мың адамды немесе жұмыссыздық деңгейі жалпы жұмыс күші санының 5,2 пайызын құраған екен. Сөйтіп, қазір шаһардағы бір қыз­меткердің орташа айлық жалақысы 187 781 теңге шамасында болды деп тіркеліп отыр.

Әрине, алматылықтардың хал-ақуалы көп жағдайда қаладағы тауар бағаларына сәйкес болатыны белгілі. Өйткені, тұрғындардың алатын жал­ақы­сы көп болғанымен, оны қаладағы тұтыну нарқындағы баға ары тартсаң бері жетпейтіндей етіп тастайды. Осы орайда тұтыну бағаларының индексі биылғы маусымда өткен жылғы сәйкес кездегіге қарағанда 102,4 пайызды құраған. Бұл ретте азық-түлік бағасы – 2,5 пайызға, азық-түлік емес тауарлар – 2,3, ақылы қызметтер құны – 2,3 пайызға өскен.

Осы себептерден де биылғы 1 тоқ­санда қаламыздың жалпы өңірлік өнім көлемі 2 396, 1 млрд. теңгені құраған. Сонымен қатар, үстіміздегі жылғы алты айда негізгі капиталға салынған инвес­тициялар көлемі 296 425,6 млн. теңгені құраған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 22,7 пайызға артық екен. Сосын ағымдағы жылғы алты айда қала өнеркәсіп өндірісінің көлемі қолда­ныстағы бағаларда 429,2 млрд. теңгені құрап, өткен жылғы сәйкес кез­дегіден 4,4 пайызға артық көрсеткіште болған.

Қорыта айтқанда, қаладағы соңғы жағдайды осылай қысқаша айтып шыққан Статистика департаментінің жетекшісі Бағлан Қарағұлов ендігі жерде мұндай баспасөз мәслихаттары әр тоқсан сайын өтіп тұратынын тілге тиек етіп өтті. Сосын ол сөзінің соңында келер жылы елімізде қалыптасқан дәс­түр бойынша халықтық санақ өтетінін хабарлап айтты. Бұл ретте қазір өзде­рінің сол санаққа дайындалып жатқа­нын келтірді.

Оқи отырыңыз:

Зейнетақы жарналары еңбек кірісі есебінен төленеді — вице-министр

Алматыдан 132 километр жерде жер сілкінісі болды

 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін