Жарияланды: 150

Алматы мен Алматы облысының тұрғындары онлайн-шопинг жасаудан көш бастады

Алматы мен Алматы облысының тұрғындары онлайн-шопинг жасаудан көш бастады

Биыл Қазақстанда электронды коммерция нарығының айналымы 800 млн АҚШ долларын құрады.

Оның әр жылдағы өсімі еселеніп, 30 пайызға жетіп отыр. Отандық eCommerce нарығындағы қызмет пен ұсыныс саны артып келеді, деп хабарлайды 24.kz.

Есеп айырысу, кешкі асқа тапсырыс беру, киім-кешек жаңарту. Қазақстанның электрондық сауда нарығындағы ұсыныстар саны мұнымен шектелмейді. Өйткені әр күні елімізде кем дегенде бір онлайн дүкен ашылады. Отандық интернет бизнес қауымдастығының дерегінше, бірінші кезекте киімге, тұрмыстық техника мен билеттерге сұраныс көп. Үйден шықпай-ақ, желіде жеңілдік арқылы ұшаққа да, театр қойылымына да билет сатып алуға болады. Дәрі-дәрмек пен азық-түлік те басты қатарда тұр.

Константин Горожанкин, Қазақстанның интернет-бизнес және мобильді сауда ассоциациясының президенті:

– Расымен де Қазақстандағы электрондық алыс-беріс соңғы 3 жыл бойы қарыштап дамып келеді. Шартты бірлікпен алып қарайтын болсақ, даму көрсеткіші шамамен 30 пайыз. Жыл соңына дейін отандық цифрлы сауда нарығы 1 млрд долларға жетеді деген ойдамын. Орталық Азияда Қазақстанның ғаламтордағы қадамдары көрші елдерге қарағанда әлдеқайда ілгері деп те айта аламын.

Қазақстандықтардың интернеттегі белсенділігі 2009 жылы қарқын алды. «Сол кезден бері алғаш рет онлайн жобалар тұтынушыларға жол тарта бастады», – дейді Константин Горожанкин.

Статистика бойынша бүгінде елде мың жарымнан астам интернет-дүкен бар. Жыл сайын олардың саны үштен бір есеге артып отырады. Жаһандық желіде тауармен қатар қызмет түрлері де ұсынылады. Айнұр Жүнісбек онлайн режимде фитнес-жаттығулардың бейнежазбасын тапсырыс берушілеріне жолдайды. Клиенттерінің көбі – бала қарауымен отырған жас аналар. Олардың арасында Ресей мен Франция елінің өкілдері де бар.

Айнұр Жүнісбек фитнес-жаттықтырушы:

– Біз арнайы чат аштық. Сол арқылы жас аналарға тамақтану мен шынығу видеоларын көрсетеміз. Олар өз кезегінде мен белгілеп берген мерзімінен кейін нәтижелерін видео немесе фотоесеп ретінде жіберіп отырады. Өйткені мен олардың әр жаттығуды орындау техникаларын көруім қажет. Бұл өте қолайлы. Олар сәбиін тастамай, үй жағдайында жаттыға береді. Сауалдары болып жатса, телефон мен интернет арқылы маған хабарласа алады.

Әлеуметтік желі қолданушыларының саны кей деректер бойынша 8-9 млн адамға жетіп қалады. Ұлттық экономика министрлігінің ақпараты бойынша бұл салада Қазақстанның мүмкіндігі де жоғары. Республикада электрондық сауданы дамыта түсу үшін бар жағдай жасалып келеді. Қазір төлем құралдары мен логистика да қарастырылған. Оған 100-ден астам жергілікті және шетелдік демеушілер жұмылдырылған. Сондықтан тұтынушылардың шағым айтуына еш негіз жоқ десек те болады.

Сауалнама көрсеткендей, астаналықтар арасында онлайн-шопинг енді танылып келеді. Ал кей халықаралық интернет-сауда орталығының дерегіне сенсек, Алматы мен Алматы облысының тұрғындары ең белсенді тұтынушылар деп анықталған. Тұрғындар арасында көбіне медициналық және білім алу қызметтері жоғары сұранысқа ие. Қазақстандық кәсіпкерлердің басты әріптестеріне ТМД елдерімен қатар Қытай және Германия елдері жатады. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметіне сүйенсек, Қазақстандағы электрондық сауда айналымы биыл 800 млн АҚШ долларына жетеді. Бірақ виртуалды кеңістікте АҚШ, Қытай және Еуроодақ елдері көш ілгері. Аспан асты елінде жыл сайынғы өсім – 33 пайыз, АҚШ-та – 14, Ресейде – 25, Қазақстанда 30 пайызды құрайды. 

 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть