Жарияланды: 590

Алматы метрополитенінде жарылыс болып, үш жұмысшы жан сақтау бөліміне түсті

Алматы метрополитенінде төтенше жағдай орын алды. Кешеннің Абай және Байтұрсынов көшелерінің қиылысында орналасқан “Байқоңыр” бекетінде сырлау жұмыстары жүріп жатқан уақытта газды қалдықтар тастайтын құтының қақпағы атылып кеткен. Соның салдарынан  4 жұмысшы зардап шегіп, ауыр жараланған үшеуі Алматы облыстық аураханасының жансақтау бөліміне жеткізілген. Дәрігерлердің айтуынша, қазір ауыр күйік шалған Асқар Әбішевтен өзге науқастар  тәуір. Ал денесінің 80 пайызы күйіп кеткен Асқар  ауыр хәл үстінде жатыр.  Қазір оқиға орнында тексеру жүргізілуде.

Өзге әріптестері тәрізді ауыр күйікке шалдықпаса да, 43 жастағы Ермек Садуақасовтың аяғы бірнеше жерінен сынып, бас сүйегіне қатты зақым келген. Ал тосын жағдайдың қалай болғанын «білмеймін» дейді.

Ермек Садуақасов, зардап шеккен жұмысшы:

- Кезекті өткізейік деп дайындалып жатқанбыз. Өзім де түсінбей қалдым. Әйтеуір  тарсеткен дауыс шықты, сосын бізді жан-жаққа лақтырып жіберді. Енді жазмыш шығар,  тірі  қалғанымызға қуанамыз.

Ал денесінің тең жартысын күйік шалған 26 жастағы Бексұлтан Жұмағалиевті дәрігерлержаңа ғана ортақ палатаға шығарды.  Айтуларынша,  оны екінші деңгейлі күйік шалған.  Ал Асқар Әбішевтің жағдайы өте ауыр. Күйіктен табан тұсы ғана аман қалған демесең, денесінің 80 пайызы зардап шеккен. Cондықтан ол әлі жансақтау бөлімінде жатыр.

Серік Ахметов, жансақтау бөлімінің меңгерушісі:

- Кеше кешкі сегіздерде ауыр күйікпен үш науқас келіп түсті. Оның екеуі жансақтау бөліміне әкелінді. Біреуінің денесі 30 пайыз, ал енді біреуінің денесі 80 пайызға күйіп кеткен. Соңғысының жағдайы өте ауыр.

Ал төртінші азаматтың жарақаты аса ауыр болмаған. Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметіне қарағандаоқиға кеше кешкілік жеті жарымдар шамасында тіркелген. “Байқоңыр” метро бекетіндегі сырлау жұмыстары жүргізіліп жатқан бөлімде кенет газды қалдықтар тастайтын құты жарылған көрінеді.

Гүлшат Дәуренбекова, Алматы қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының баспасөз хатшысы:

- Қазір апаттың нақты себеп-салдарын анықтап жатырмыз.  Біздің болжамымыз бойынша, тосын оқиға сырлау жұмыстары барысында газды заттар салдарынан құтыдан бу шыққан. Дегенмен бұл әлі нақты қорытынды емес.

Ал  Алматы метрополитенінің өкілдері  тосын жағдай «қарапайым  қауіпсіздік ережелерінің сақталмауынан болуы мүмкін» деген болжам айтуда. Сондықтан бұған құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан компаниялар жауап беруі тиіс.

Зарина Алиф, “Алматы-Метроқұрылыс” АҚ-ның баспасөз хатшысы:

- Әзіргебұл жағдайдың себебі нақты анық емес. Біз де өз тарапымыздан тексеру  жүргіземіз. Алайда мердігерлермен жасалған келісімге байланысты, барлық шығынды олар өздері көтереді.

Дегенмен жұмысшылар  қауіпсіздік ережесінің бұзылмағанын айтады.  

Алдағы күндері апатты жағдайдың нақты неден болғаны анықталмақ. Дегенмен метроның ашылуына небәрі алты ай ғана мерзім қалды.  Осы уақытқа дейін  тосын жайттердің орын алмасына ешкім кепіл бере алмайтын сияқты.  

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін