Жарияланды: 200

Алматы облысында бюджет ақшасын қалтаға басып қашып кеткен ауыл әкіміне іздеу жарияланды

Алматы облысында Қаспан ауылының әкімі бүтін бір ауылды және мемлекетті алдап кетті. Шенеунік өзіне қарасты елді мекендердің біріндегі ауыз су құбырын жөндетемін деп бюджеттен 34 миллион теңге бөлдіріп алыпты. Бірақ артынша не ақша, не әкімнің өзі таптырмай, ұшты-күйлі жоғалған. Сөйтсе, шенеунік жоқ құбырды жөндеуге қаражат сұрап, көп ұзамай жұмыстан шығып қалған екен.   

Әкімі аузын айға қаратып кеткен ауыл осы. Өмірбақи құдықтан су тартып келген халық «су құбыры» дегенді мүлдем көрмеген. Ауылда атымен жоқ дүниеге 34 миллион теңге бөлінгенін естігенде, Сайлыкөлдіктер, тіпті, сасып қалды.       

Лидия Беканова, Сайлыкөл ауылының тұрғыны:

-40 жыл болды суды құдықтан алып ішіп жүрміз. Құбыр деген не ол? Не деген сұмдық?! Сонда ол ақша қайда кеткен?

Баладай сенгіш жұрт қыруар ақшаның құбырдан бұрын жолға неге жұмсалмағанын түсінбей дал. Өйткені шұрық тесік ауыл жолы қазір топыраққа айналған екен. Тек енді ол 34 миллионның өзі тұрмақ, ізі де жоқ. «Құбыр жөндеткіш» Қаспан ауылдық округінің әкімі тендер аяқталған бетте тайып тұрыпты. 

Олжас Әбдіраман, Кербұлақ ауданы прокурорының көмекшісі:

-Жөндеу жұмыстары сәуір айында басталуы тиіс болған. Алайда, арада 4  ай өтсе де, осы күнге дейін жұмыс басталмаған. Оның басты себептерінің бірі –Сайлыкөл ауылында су құбырларының мүлдем болмауы.

Алаяқ әкімге іздеу жарияланды. Тендерді тамаққа, ал мемлекетті ақымаққа санаған Нұрлан Әденов жазадан бәрібір де сытыла алмайды деп сендірді прокурорлар. 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін