Сот процесі Астанада жарты жылға жуық өтті. Тергеу материалдарына қарағанда Алматы іргесіндегі №55065 әскери бөлімінің сақтау қоймасын басқарған Абай Мырзабеков қол астындағы 2 офицермен бірігіп бюджет ақшасын жымқырған. Яғни ұйымдасқан қылмыстық топ әскери бөлім жанынан бетон қоршау тұрғызу үшін құжат әзірлеп мол қаржы сұратады. Алайда жеңіл пайданы көздегендер оны арзан цементпен соға салып артылған ақшаны бөліп алған. Ол сомма — 300 миллион теңгеден асып отыр. Бұл былық осы жылдың Наурыз айында Астанаға белгілі болғаннан кейін, полковник Абай Мырзабеков өзінің жұмыс кабинетінде атылып өлген болатын. Ал, сыбайластары Ибраев алаяқтық үшін 4 жылға, Әшіғалиев қызметін асыра пайдаланғаны үшін 5 жылға темір торға жабылды.
Кемел Шаяхмет, ҚР Әскери прокуратурасының басқарма басшысы:
— Қылмыстық істі тергеу барысында көптеген бухгалтерлік, қаржылық құжаттар тексерілді. Сараптамалар тағайындалды. Куәларды тыңдадық. Осының бәрі сотқа ұсынылып, кінәлары дәлелденген соң үкім кесілді.