Алматы облысында тұңғыш рет арба жарысы өтті - kaz.caravan.kz
  • $ 446.49
  • 475.38
+21 °C
Алматы
2024 Жыл
20 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматы облысында тұңғыш рет арба жарысы өтті

Алматы облысында тұңғыш рет арба жарысы өтті

 

  • 29 Қыркүйек 2019
  • 33
Фото - Caravan.kz

Алматы облысында тұңғыш рет «Арба бәйгесі» жарысы өтті. Қазақстанда білім алып жатқан шетелдік студенттер 9 күн бойы Іле Алатауының баурайында, Кеген ауданындағы Қарқара жайлауында көшпенділердің тұрмыс салтымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Тартысты бәйгеге Қазақстан, Үндістан, Қытай, Өзбекстан командалары қатысты. Әр командада 10 мүше болды. Оларға қойылған талап оңай болмады. Барлық командалар жазық далада арбамен жарысты, түрлі қиындықтарға тап болды. Біреулерінің арбасы сынды.

Сондай-ақ, жарыстағы қиын талаптың бірі – нысана көздеу. Арбаны сүйретіп келе жатқан арбакеш және арбаның үстіндегі команда мүшесі садақпен нысанаға атуы тиіс. Егер жебе нысанаға дөп түспесе, команда мүшесіне жүгіруге тура келеді.

Ал мұндағы арбалардың дизайны да ерекше. Жарысты ұйымдастырушылардың бірі Дәурен Уалиевтің айтуынша, бұл арбалардың барлығы осы жарыс үшін арнайы жасалған.

«Мына көріп тұрған арба – 4 мың жылдық тарихы бар мына петроглифтің көшірмесі. 4 мың жыл бұрын біздің ата-бабаларымыз осындай көлік түрін ойлап тапқан. Бұл арбаның дөңгелегін бір қолмен қозғалтуға болады. Жеңіл қозғалады. 12 арбаны дайындау үшін бір ай уақыт кетті», — деді Дәурен Уалиев.

Ұйымдастырушылар жарыс басталмас бұрын барлық қатысушыларды алдын-ала дайындағандарын айтады. Себебі, садақ ату кез келген жанның қолынан келе бермейді. Ал шетелдік студенттер жарыспен қатар, жайлаудағы өмір де өздерін қатты қызықтырғанын айтты.

«9 күн бойы жайлауда өмір сүру бізге өте қызық болды. Қазақтың ұлттық тағамдары, қымыздың дәмі тіл үйіреді. Біз қазақ үйінің де қалай құрылатынын көрдік. Біз 9 күн бойы өмір сүрген Қарқара жайлауы теңіз деңгейінен 2 200 метр биікте орналасқан екен. Түнде өте суық болады. Бірақ таза ауада, таудың етегінде тынығу бізге керемет демалыс сыйлады. Үнді елінің азаматы ретінде «Арба бәйге» жарысы жылда ұйымдастырылса екен деп тілеймін. Біз қазақ халқының салт-дәстүрімен, тарихымен танысып, рухани жан-дүниемізді байыттық. Тағы бір айтайын деген дүние, жайлауда телефон, интернет ұстамайды. Сондықтан миымыз да тынығып, жастар бір-бірімізбен сөйлесіп, танысып, қазір дос болып жатырмыз», — деді Қазақстан-Ресей медицина университетінің студенті, Үндістан командасының мүшесі Амердип Дуди.

Алматы облысында тұңғыш рет ұйымдастырылған «Арба бәйгесі» жарысында барлық командалар бас жүлдені иелену үшін барын салды. Арба бәйгесінде барлық кедергілерден Қазақстан командасы мүдірмей өтіп, бас жүлдені жеңіп алды. Жарыста Үндістан мен Өзбекстан командалары да жақсы нәтиже көрсетті.


«Намысқа тырысып, кубогымызды өзіміз алғымыз келеді. Барлығымыз бірігіп, осы кубокты ұтып алдық. Ата-бабамыздың рухын осы жарыста бүткіл әлемге танытып, біздің аталарымыздың мықтылығын көрсетуге үлес қосқанымызға өте қуаныштымыз», — деді Қазақстан командасының мүшесі Тәліп Батыржан.

Ал шараны ұйымдастырған Алматы облысының Ішкі саясат басқармасы «Арба бәйгесі» жарысын еліміздің брендіне айналдыруды жоспарлап отыр.

«Біздегі басты мақсат – студенттер, жастар арасында біз насихаттап жүрген «Рухани жаңғыру» бағдарламасы халықаралық достықтың нығайуына әсерін тигізеді деген ойдамыз», — деді облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Рустам Әли.

Соңғы жаңалықтар