Алматы облысының әкімі ауыл шаруашылығының үздік қызметкерлеріне автокөлік сыйлады - kaz.caravan.kz
  • $ 491.37
  • 570.48
+26 °C
Алматы
2026 Жыл
16 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматы облысының әкімі ауыл шаруашылығының үздік қызметкерлеріне автокөлік сыйлады

Алматы облысының әкімі ауыл шаруашылығының үздік қызметкерлеріне автокөлік сыйлады

Талдықорғандағы Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне орай кездесу өткізілді.

  • 4 Желтоқсан 2014
  • 445
Фото - Caravan.kz

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов басқосуды жиналыс емес, ауыл шаруашылығы мамандарымен кездесу түрінде өткізіп отырғанын, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев облысқа жасаған сапарында осы салаға ерекше мән беріп, үлкен міндеттер жүктегендіктен, сала мамандарымен ой бөлісіп, пікір алмасу қажет деп тапқанын атап өтті, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен. 

— Бұдан кейін апта сайын бір ауданға шығып, аудан, қала активімен кездесуді мақсат етіп отырмын. Барған жерде ел-жұрт мәселе көтереді, сол көтерілген мәселелер бойынша іс-шаралар жоспары дайындалып, қандай көмек көрсетуіміз қажеттігі бақылауға алынған. Осы мәселелер аудан, қала әкімдерінен сұралатын болады, — дей келе, бірқатар кемшіліктерге де де тоқталып өтті.

Атап айтқанда,  аймақ басшысы тамшылатып суару және ылғал үнемдеу технологиясын қолдану деңгейінің төмендігі, тұқым шаруашылығын жетілдіру қажетті, аграрлық салада теория мен практиканың ұштаспай жатқандығы, яғни ғылым мен өндірістің байланысын жандандыру және ол мезеттік қана емес, жүйелі байланыс болуы керектігі, кадр жетіспеушілігі мәселелерін атап өтті. Сол сияқты мал бордақылау алаңдарының заман талабына сай болуы керектігі, қой шаруашылығын дамыту, алманың апорт сортын жандандыру туралы да сөз болды. 

— Ғылыми-зерттеу институттарымен ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірудің жаңа технологияларын енгізу, жоғары сортты сапалы тұқымдарды пайдалану жөнінде тығыз ынтымақтастық орнату, минералды тыңайтқыштар мен гербицидтерді пайдалану көлемін ұлғайту қажет. Асыл тұқымды мал үлесін ұлғайту бойынша селекциялық жұмыс жалғастырылсын, қой, жылқы шаруашылығын, ірі қара малдың етті бағытын дамыту жөніндегі бағдарламалардың жүзеге асырылуы жандандырылсын, сүт және ет өнімдерін өнеркәсіптік негізге ауыстыру шаралары қабылдансын, — деді облыс басшысы өз сөзінде.

Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Тынышбай Досымбеков жыл қорытындылары мен сала дамуының негізгі бағыттары туралы баяндама жасады.


Кездесу соңында облыс әкімі А.Баталов бірқатар азаматтарға Алғыс хаттар мен Құрмет грамоталарын тапсырды. Сол сияқты ауыл шаруашылығы кәсіпорындары арасында үздік шыққан Жамбыл ауданының «Р-Күрті» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне және шаруа қожалықтары арасында бірінші орын тұғырынан көрінген Кербұлақ ауданының «Ақбастау» шаруа қожалығына «ВАЗ 21214-187» автокөліктерін тарту етті.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорындары арасында Іле ауданының «Алатау құс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, жыл бойы жүргізілген ауыл шаруашылық жәрмеңкесінің қорытындысында аудан, қалалар арасында Талдықорған қаласы, ауылдық округтері арасында Балқаш ауданының Желтораңғы ауылдық округі, «Үздік қымызхана» байқауында Еңбекшіқазақ ауданы бірінші орынға ие болып, жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар берілді.