Алматы: қала шетіндегі тұрғындар түнімен ұйқы көрмепті - kaz.caravan.kz
  • $ 444.32
  • 473.33
+13 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматы: қала шетіндегі тұрғындар түнімен ұйқы көрмепті

Алматы: қала шетіндегі тұрғындар түнімен ұйқы көрмепті

Кеше Алматыда  болған дүлей дауылдың салдары түгел жойылмады. Жаппай ағаштарды құлатып, электр сымдарын үзіп, газ құбырларын істен шығарған желдің жылдамдығы секундына 26 метрге дейін жеткен. Соның салдарынан 4 адам зардап шегіп, 14 көлік жарамсыз боп қалыпты. Көшелерді су алып, қала шетіндегі тұрғындар түнімен ұйқы көрмеген.

  • 29 Маусым 2011
  • 428
Фото - Caravan.kz

Тек терезеден көз салмаса, жұдырықтай бұршақтар жұмыр бастының сыбағасын оңдырмай бермек. Мамырдағы мамыражай тірліктің тынышын бұзған дауыл алтыншы айды да айналып өтпеді. Құтқарушылар діңімен дөңкейіп жатқан ағаштарды аудара алмай әлек, астында қалған көліктердің көретін жері жоқ.

Он төрт темір тұлпар пайдасыз боп қалған. Бірақ оны тілге тиек ету өнбес дауға ұрынғанмен бірдей, өйткені  ешкім өтеп бермейді. Ал жел тұрса Алматының ағаштары ебедейсіз құлайтыны қалай? Бірақ, «биыл ескі 5000 ағаштың көзін жойдық»  дейді мамандар.

Алтай Рахымбетов, Алматы қаласы Табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау басқармасының бастығы:

— Құлаған ағаштардың барлығы  бүтін. Жауапты орындар кінәлі емес. Көбісі түбімен жұлынған, бұл — табиғаттың тосын мінезінің күші.

Жел жағадан алғанда жерден жұлынып түскен ағаштар газ құбырларын зақымдаған. Осыдан қалада 199 үй көгілдір отыннан қағылды. Бұтақ артылғанда 6000 метрге жуық электр сымдары сүйретіліп қалған.  Оның әсерінен бағдаршамдар бағдарды нұсқаудан қалып, тұрғын үйлер қара көлеңке болды. Алай-дүлей дауыл 4 адамды жарақаттаған. Орталық клиникалық ауруханада ем қабылдаған  олар үйлеріне  өз аяқтарымен  кетіпті.

Ал тауда дауыл түнімен тыншымады. Сыңсыған ағаштардың 520-сы жолға құлап, Бутаковкадан әрі баратын  бір  шақырым  жолды жапқан. 123 көлік құрсаудан құтқарылып, жол қалпына келді. Жеке меншік үйлердің шатырын ұшырған жел әлеуметтік нысандарды да әуреге салыпты.


Мәулен Мұқашев, Алматы қаласы әкімінің бірінші орынбасары
:

— «Балбұлақ» балалар реабилитациялық орталығы бар. Онда 800 шаршы метр шатыры желге ұшып кеткен. Оның үстіне жаңбырдың суы бөлмелерге аққан. Ал ол жерде жас сәбилер, ауру балалар емделіп жатыр.

«Балбұлақ» пен «Алатау» орталықтарынан 100-ге жуық жеткіншек қауіпсіз жерге көшірілген. 

Дүлей дауылдан ең көп зардап шеккен — Кіші Алматы шатқалы.  Мамырда жартылай жапырылған бұл бөктер кеше тағы 5000-нан астам жасыл желегін жоғалтып, жалаңаштанып қалды. Мамандар екі күн бойы тырбанғанымен, түбімен жұлынған ағаштарды жинап біту қиямет. Алматының атқамінерлері осынша аумақты тал-терекпен қайта көмкеріп, Оңтүстік астананың ажарын кіргізу үшін «300 млн теңгеден астам қаржы керек» деп топшылайды.

Мамандар дәл мұндай дүлей дауылдың қайта айналып соқпасына кепілдік бере алмайды. Бүгін түс ауа да Алматының аспанын қою бұлт торлап, желдің жылдамдығы артты.

Соңғы жаңалықтар