Жарияланды: 610

Алматы қалалық қаржы полициясы департаменті Кедендік басқарманың бас есепшісінің үстінен қылмыстық іс қозғады

Алматы қалалық қаржы полициясы департаменті осындағы Кедендік басқарманың бас есепшісі Киізбаев Ермектің үстінен алаяқтық жолмен 243,15 млн. теңге көлемінде бөгденің мүлкін қымқыру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Бұл туралы Алматы қалалық қаржы полициясы департаментінің баспасөз қызметінен KZ-today тілшісіне хабарлады.

Қаржы полициясының ақпаратына сәйкес, Алматы қалалық Кедендік басқармасының бас есепшісі қызметін атқара жүріп Е.Киізбаев алаяқтық, алдау және басқаның сеніміне кіру жолымен бірнеше мәрте ірі көлемде бөгденің мүлкін ұрлаған. Атап айтсақ, 2001-жылдың қараша айында бас есепші импортпен айналысушы кәсіпорынның атынан жалған хат жолдап, тауарды кедендік рәсімдеу үшін бюджетке төленетін кедендік төлем ретінде Алматы қалалық Кедендік басқармасының есепшотына аударылған 158,54 млн. теңгені Алматыдағы әлдебір ЖШС-нің есепшотына аударуды өтінеді. Жалған хатпен ЖШС-нің есепшотына аударылған аталмыш қаржы, қағаз ақшаға айналдырылып, қолды болған. Тағы бір жалған фирманың көмегімен Е.Киізбаев кедендік және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер түріндегі 84,49 млн. теңге қаржыны тағы да жоғарыдағыдай жолмен қолды болдырған. Бұл қаржы шетелдік фирмалармен келісім-шарт бойынша келіп түскен тауарды кедендік рәсімдеу мақсатымен Алматы қалалық Кедендік басқармасының депозиттік есепшотына түскен қаржы болатын. Сөйтіп, депозиттік есепшотқа түскен кіріс пен шығысты есепке алу, барлық қаржылық операцияларды есепке алу, олардан түскен пайданы дер кезінде республикалық бюджеттің кірісіне қосу міндеттемесін жүктеп алған билік өкілі - Е.Киізбаев өзінің лауазымдық құқығын қитұрқы әдіспен бас пайдасына жаратқан. Сондай-ақ, ол бір топ адамдармен алдын-ала сыбайластық құру арқылы алаяқтық жолмен басқаның мүлкін иемденіп алу мақсатымен 116 мың теңгенің бюджеттік қаржысын мемлекеттік сатып алу мақсатында тағы бір жалған фирманың атына аударуға құқық беретін төлемдік тапсырма құжатына қол қойып, қаржыны ақшаға айналдырып жымқырып кеткен. Сөйтіп, Кедендік басқарманың бас есепшісінің осындай алаяқтық жолмен жымқырған қаржысының жалпы көлемі 243,15 млн. теңгені құрады. Аталмыш деректер бойынша тұтқындалған бас есепшінің үстінен ҚР Қылмыстық Кодексінің "алаяқтық" жөніндегі 177-бабының 3-бөліміне сәйкес қылмыстық іс қозғалды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін