Жарияланды: 580

Алматы қалалық соты "Эйр Қазақстан" ЖАҚ-ын банкрот деп тану процедурасын бастау туралы Алматы экономикалық сотының шешімін негізді деп тапты

Бүгін, 19-мамырда Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі коллегиясының төрағасы Марат Нұрбеков "Эйр Қазақстан" ЖАҚ-ын банкрот деп тану процедурасын бастау туралы Алматы экономикалық сотының шешімін негізді деп жариялады,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 16-сәуірде Алматы экономикалық соты "Эйр Қазақстан" ЖАҚ әуе компаниясын банкрот деп тану процедурасын бастау туралы шешім шығарған. Сол күнгі сот мәжілісі барысында "Эйр Қазақстан" ЖАҚ кредитор 9 компанияға берешегін мойындады. Атап айтсақ, ол 35,3 млн. теңгені "Ерминстрой" ААҚ-на, 853 мың долларды "МС Мира Импекс компаниясына", 1,4 млн. теңгені "Время" баспасына, 2,6 млн. теңгені "Алматытелеком" қалалық телекоммуникациялық орталығына байланыс қызметі үшін, 272 мың долларды "Союз Авиа" ЖШҚ-на, 25,3 млн. теңгені Авиа консалтинг компаниясына, 723 мың долларды "Авиаэкспресс"ЖШҚ-на , 57,7 млн. теңгені "Гелеос" ЖШС-не, 456 млн. теңгені Түрксіб аудандық салық комитетіне, 679 млн. теңгені Алматы халықаралық әуежайына 2001-жылғы тамыз айынан бергі берешек ретінде қайтаруы тиіс. Алайда, экономикалық соттың шешімімен келіспеген "Эйр Қазақстан" 2004-жылдың 5-мамырында жоғары сатылы сотқа апелляциялық шағым түсірген. "Эйр Қазақстан" ЖАҚ әуе компаниясы ҚР көлік және коммуникация министрлігіне 2004-жылдың ақпан айынан бастап бірқатар тұрақты авиациялық бағыттар бойынша ұшуларды доғаратынын мәлімдеген болатын. Ондай жағдайға компанияның қаржылық ахуалы түрткі болған. Қазіргі жағдаймен компанияның кредиторлық берешегі 55-60 млн. долларға жетіп жығылды. ҚР азаматтық авиация комитетінің төрағасы Алмасбек Мәмбетовтың айтуынша, "Эйр Қазақстан" ЖАҚ-ның берешегі туралы баян 1999-жылдан бастау алады. "Ол кезде әуе компаниясы басшылығының теріс саясаты салдарынан қаржылық лизинг жолымен 102 млн. долларға алынған екі Бойнг-737 және екі бірдей А-310 аэробусы әуе компаниясын қарызға белшеден батырған". А.Мәмбетовтың айтуынша, берешек содан бері мүлдем азайған жоқ. "Республика үкіметі ахуалды өзгертуге екі мәрте қадам жасады. Алғаш рет 2001-жылы ҚР үкіметі екі аэробусты сатып алуы нәтижесінде "Эйр Қазақстан" ЖАҚ-ның 4,5 млн. доллар көлеміндегі қарызы өтелді. Ал 2002-жылы үкімет Қазкоммерцбанкке берешегі үшін "Эйр Қазақстан" ЖАҚ-ның акцияларын 15 млн. долларға сатып алды. Нәтижесінде Қазкоммерцбанк әуе компаниясының 20 млн. доллар шамасындағы қарызына кешірім беріп, басқа да кредиторлық берешектерді өтеу ұзақ мерзімге кейінге шегерілді",- деді А.Мәмбетов. 2000-жылдың 30-желтоқсанынан бері "Эйр Қазақстан" ЖАҚ-на Еркін Қалиев басшылық етеді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін