Жарияланды: 2900

Алматы және Қарағанды кондитерлік фабрикалары бренд өндіру құқығына сот арқылы таласуда

"Рахат" кондитерлік фабрикасы "Мишка косолапый", "Мишка на севере", "Красная шапочка" тәрізді барлығы 35 түрлі бренд атауына лайық кәмпиттерді шығару құқығы бұдан былай Алматы фабрикасының жеке құзырына өтетіні туралы "Қарағанды кәмпиттері" фабрикасына хабарландыру жолдады. Өйткені, "Рахат " аталмыш тауар түрлерін "Қазпатент" мекемесінде меншікті тауарлық белгісі ретінде тіркеп алған көрінеді,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

"Қарағанды кәмпиттері" ААҚ заң қызметінің төрайымы Лариса Константинидидің айтуынша, кондитерлік фабриканың басшылығы осыған байланысты "Қазпатент" шешімінің заңдылығы турасында ҚР Бас прокуратурасына сұрау салған. Оған "Рахат" АҚ тауарлық белгіні заңсыз тіркегендіктен, патенттік комиссияның шешіміне қарсы аппеляциялық тәртіппен арызданған жөн" деген жауап келіпті. Лариса Константинидидің айтуынша, сөйтіп, жұртшылыққа кеңінен танымал тауарлық белгілерді өз атына тіркеп алу арқылы "Рахат" АҚ республика көлемінде тұңғыш рет бұрын-соңды болмаған қадамға барып, айды аспанға шығарды. ""Мишка косолапый", "Мишка на севере", "Красная шапочка" тәрізді кәмпиттер тіпті сонау Кеңестік кезеңде құрастырылған біртұтас рецептура бойынша Одақ көлеміндегі барлық кондитерлік фабрикаларда шығарылып келгені әркімге мәлім",- деді Л.Константиниди. Оның айтуынша, аталмыш кәмпиттердің рецептуралары мен атаулары алғаш көрсетілген біріздендірілген тұңғыш рецептуралар жинағы сонау 1939-жылы жарық көрген. Оны сол кездегі КСРО азық-түлік өнеркәсібі министрлігі бекіткен. Бұл кәмпиттердің рецептурасына да, атауына да, тауарлық белгісіне де "Рахат" АҚ-ның ешбір қатысы жоқ,- дейді заңгер. Қарағанды кондитерлерін Қостанайдағы "Баян сұлу" , Ақтөбедегі "Сластя" және басқа да өнім өндірушілер қолдап отыр. Қазақстандық кәмпит өндірушілер барлығына бірдей жағдай жасалуын талап етеді. "Біз Қазақстанда тауарлық белгілердің тіркеуге алынуына қарсылық білдірмейміз. Бірақ ондай жағдайда "Красная шапочка" кәмпитін мемлекет өз меншігіне алсын. Сөйтіп, жағдайлары теңестірілген кондитерлер аталмыш тауарлық белгілерді пайдалану құқығын мемлекеттен сатып алсын" ,- дейді Л.Константиниди. Жуырда ҚР санаткерлік меншік жөніндегі комитеттің апелляциялық кеңесінде осы іс бойынша бірінші тыңдау өтті.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін