Жарияланды: 2200

Алматы жылқы шаруашылығында биыл алғаш рет асыл тұқымды арғымақтарды сақтандыру тәжірибесі қолданысқа енгізіледі

Алматы жылқы шаруашылығында биыл алғаш рет асыл тұқымды арғымақтарды сақтандыру тәжірибесі қолданысқа енгізіледі. Бұл істе Алматы ипподромы "Лондон-Алматы" сақтандыру компаниясымен әріптестік байланыс орнатқалы отыр. Бұл туралы Алматы ипподромында үшінші маусымның ашылуына байланысты өткізілген баспасөз мәслихатында хабарланды.

"Лондон-Алматы" сақтандыру компаниясы басқармаларының төрағасы Ерғали Бегімбетовтың айтуынша, Австралия, Германия, АҚШ, Ұлыбритания, Франция тәрізді елдердің асыл тұқымды жылқы шаруашылығындағы сақтандыру тәжірибесі зерделенген. Сақтандыру компаниясы төрағасының айтуынша, "компания арғымақ қожайындарына сақтандыру полистерін жаз маусымының ортасына таман ұсына алады". Жылқылар ауру, өлім-жітім және тонаушылық тәрізді түрлі тәуекелдерден сақтандырылмақ. "Асыл тұқымды мал шаруашылығының болуы мемлекеттің даму деңгейін паш ететіндіктен, отандық жылқы шарашылығы саласына қажетті ауқымды сақтандыру қоржыны ұсынылады",- деді Е.Бегімбетов. Оның айтуынша, асыл тұқымды бір жылқыны сақтандыру құны малдың өз бағасының 2-15 процентін құрайды. Алматы ипподромының директоры Нұрлан Тілеулесовтың айтуынша, жылқы шаруашылығымен тек ауқатты адамдар ғана айналысады. Оның мәліметі бойынша, АҚШ-тың жылқы шаруашылығы саласында жыл сайын "20 млрд. долларға жуық қаржы айналымға түссе, шағын ғана Сеул ипподромының өзінде жылына 5 млрд. франк айналады. Осыған байланысты соңғы жылдары жылқының бағасы айрықша аспандап кетті". Қазақстанда қазір "бағасы 200-300 мың долларға жететін жылқылар бар. Тіпті бүгінде 1 млн. долларға бағаланған жылқыны сатып алуға келіссөздер жүргізілуде". Н.Тілеулесовтың пікірінше, сол себепті отандық жылқы зауыты қожайындарының инвестициясын қорғау - басты мақсаттардың бірі болмақ.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін