Алматыда әкімдік өз қолымен берген жерді қайта тартып алып жатыр - kaz.caravan.kz
  • $ 486.47
  • 554.77
+22 °C
Алматы
2026 Жыл
27 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматыда әкімдік өз қолымен берген жерді қайта тартып алып жатыр

Алматыда әкімдік өз қолымен берген жерді қайта тартып алып жатыр

Алматыда кезекті жер дауы! 9 жыл бұрын Барахолка маңын ұлтарақтай жер алған жұрт енді баспаналарынан айырылғалы тұр. Қала билігі «Ұлжан» ықшамауданындағы осы 30 үйді жермен-жексен етіп, көпірмен жалғасатын күре жол салдырмақшы. Ал, қазығын қаққан қарашаға жерлерін уақытылы заңдастырмағаны үшін өтемақы да төленбеуі мүмкін. Мезгілінен кеш қамданған жұрт енді үй сызбаларының көшірмесін көрсетіп, даурығып жатыр. 

  • 27 Маусым 2014
  • 295
Фото - Caravan.kz

Барахолканың маңында айналма жол салынады дегелі, Ұлжан ықшамауданы тұрғындарының тынышы кеткен. Себебі, іргетасы қалана бастаған көпірден ары қарай асфальт төсеу үшін жолай салынған баспаналар бұзылмақ. 9 жылдай мазаламаған әкімдік шұғыл шараларының дәйегін де салмақтапты – үйлер қызыл жолақтың бойында, яғни, заңсыз салынған. Дегенмен кезінде осы жерді шенділердің өздері берген.Қолдағы нәрсе қайда кетеді деп жайбарақат жүрген жұрт тек құжаттарын заңдастырып үлгермеген екен.

Гүлмира Кебекбаева, Алматы қаласының тұрғыны:

-Біздің қолымыздағы техпаспорт ешнәрсеге жарамайды. Түпнұсқа емес, көшірме. Шілденің  3-не дейін жерді босатыңдар деп жатыр. Біз қайда барамыз?

Сүрілетін үйлердің иелеріне әкімдік енді ақшалай өтемақы емес, Қарасу ықшамауданнан құр жер бермекші. Бірақ ол жаққа көшпейміз деп жұрттың қасарысуы бекер емес. Онда не жарық, не су тартылмаған.

-Мына тұрған 30 үйдің қиратылы, жермен-жексен етілуіне 1 жылға жетер-жетпес уақыт қалды. Шенеуніктер күре жол төсеп кептелістерді ыңғайлаудың өзге әдісін таппаған сыңайлы. Амалы құрыған кей тұрғындар қазірдің өзінде шаңырақтарын бұзуға кіріскен.

Мұнымен келіспегендері бүгін тура әкімдікке тартты. Өйткені, үрейі бұлтша үйірілгендер үйлері келесі аптадан бастап қиратыла бастайды дегенді естіген. Ашулы ағайынды аудан басшысы сабырға шақырды.


Бағдат Мәнізоров, Алатау ауданының әкімі:

-Шетінен ысыру деген әлі Алатау ауданының тарихында болған жоқ. Келіспей ысырып тастап, елді жылатып, көшеде. ондай жағдай болған жоқ  болмайды да. Бәрі келісім-шартпен, заң жүзінде. Екі жақ келіспеген жағдайда, соттың шешімі арқылы шешілетін шаруа бұл.

Осылай деп ант-су ішкен атқамінер келесі сейсенбіде тұрғындарды жинап, мәселені қайта ортаға салмақ. Сеніміне селкеу түскен тұрғындар бұдан қайыр болмаса, жер бауырлап жатып аламыз деп отыр.

-Өкіметтің адамдары келіп, үйімізді бұзып жатқан жағдайда, біз ешқайда бармаймыз! Осы жерде қаламыз! Ит құсап жата береміз!