Алматыда алдағы уақытта жойқын жер сілкінісі болуы мүмкін бе?: Маман пікірі - kaz.caravan.kz
  • $ 446.49
  • 475.38
+10 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматыда алдағы уақытта жойқын жер сілкінісі болуы мүмкін бе?: Маман пікірі

Алматыда алдағы уақытта жойқын жер сілкінісі болуы мүмкін бе?: Маман пікірі

Күні кеше туысқан Түркия елінде жойқын жер сілкінісі болып, елдің оңтүстік-шығысында мыңдаған адам жер жастанған еді. Өкініштісі табиғат апаты әлі де жалғасуда. Соңғы деректер бойынша Түркияда қаза болғандар саны 3,5 мыңға жуықтаса, 20 мыңнан астам адамның жарақат алғаны белгілі болды.

  • 8 Ақпан 2023
  • 24
Фото - Caravan.kz

Caravan.kz тілшісі осы орайда, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Сейсмология институты мамандарын тілге тартып көрген еді.

Төтенше жағдайлар министрлігі Сейсмология институты директорының ғылым жөніндегі орынбасары Нұрсәрсен Өзбеков, бұл ретте, Түркиядағы соңғы 100 жылдағы жойқын зілзалаға қатысты өз ойын ортаға салды.

"Түркияда бұған дейін де күшті жер сілкінісі талай рет болған. Егер осы жолғы жер сілкінісінің магнитудасы 7,8 болса, 1999 жылы 17 наурызда осы елде болған Измит жер сілкінісінің күші шамамен дәл осылай 7,6 балл болды. Сол кезде де ауыр зардаптар мен елеулі адам шығыны орын алған еді. Әрине, бұл туралы көп айтуға болады. Мысалы, одан да ертерек, 1992 жылы 13 наурызда эпицентрі Эрзинджан қаласына жақын жерде, 100 мыңнан астам адам тұратын 7-8 баллдық жер сілкінісі болып, тағы да адам шығыны болған еді", — дейді Нұрсәрсен Өзбеков.

Сонымен бірге маман Түркиядағы жер сілкінісін алдын ала болжау мүмкін болды ма деген сауалға жауап берді. Оның айтуынша, Түркияда сейсмикалық желілер жақсы дамыған әрі бүгінде мамандар оны жетілдіру бойынша жұмыс істеп жатқан көрінеді. 

"Болжам мәселесіне келетін болсақ, Түркияда ғана емес, бүкіл әлемде жер сілкінісін алдын ала болжау өте қиын. Әсіресе, қысқа мерзімді болжам жасау қиын, себебі олар ғылыми-зерттеу сипатына ие болғандықтан, оның өзіндік осындай қиындықтары бар. Қысқа мерзімді болжамдарды болжауға болатын жекелеген жағдайлар ғана өмірде болды, мысалы, Қытайда. Бірақ тұтастай алғанда, бұл бүкіл әлемде әлі шешімін таппаған күрделі мәселе болып қалып отыр", — деді ол.

Ғалым, сондай-ақ Түркияда алдағы уақытта да жерасты дүмпулері болатынын, алайда оның күші алғашқымен салыстырғанда әлдеқайда аз болатынын жеткізді.

"Тек кешегі күні ғана онда 26-27 рет күшті, маңызды афтер дүмпулер болғаны туралы ақпарат тарады. Бұл жер сілкінісінің ошағы қалпына келтіріліп жатқандықтан және сол сәтте оның афтерактивті белсенділігі жоғары болғандықтан орын алады. Яғни, жеке дүмпулер айтарлықтай күшті болуы мүмкін. Алайда, олардың күші бастапқы негізгі сілкіністен асып түспейді, керісінше одан әлдеқайда аз болады", — деді ғалым.

Бұдан бөлек Сейсмология институты директорының ғылым жөніндегі орынбасары Нұрсәрсен Өзбеков Қазақстандағы сейсмикалық жағдайға да тоқталып өтті.


"Шығыс Қазақстан облысынан бастап, Қызылорда облысына дейін жерасты дүмпулері жеті-тоғыз баллға дейін жетуі мүмкін сейсмикалық қауіпті жерлер бар. Әсіресе, Алматы облысы бұл жағынан Орталық Азиядағы өте қауіпті аймақта орналасқан. Бұрын бұл жерде күшті жойқын жер сілкінісі бірнеше рет болған. Мәселен, 1887 жылғы Верный жер сілкінісін және 1911 жылғы Кемин жер сілкінісін айтуға болады", — деп атап өтті маман.

Сонымен бірге ғалым соңғы бес жылда Қазақстан аумағында сейсмикалық аспаптармен 40 мыңға жуық жер сілкінісі тіркелгенін айтты.

“Атап айтқанда, 2018 жылы – 8500, 2019 жылы – 7800, 2020 – 9500, 2021 жылы – 6700, ал, 2022 жылы 6900 рет болған сілкініс тіркелді. Яғни, аппаратуралар болмаса, адамзат баласының бәрі бірдей сезе бермейтін, әлсіз жер сілкіністері болып тұрады. Сол сияқты көпшілік халық барыншасезген жер сіліністері де болды. Жалпы соңғы бес жылда Қазақстан аумағында осындай 66 сейсмикалық оқиға тіркелді. Олар: 2018 жылы — 20, 2019 жылы — 11, 2020 жылы — 15, 2021 жылы — 11, 2022 жылы — 9. Алматыда айқын сезілген жер сілкінісі 2022 жылдың 28 желтоқсанында, Алматыдан 190 шақырым жерде Қырғызстан мен Қытайдың шекаралас жерінде болды", — деді маман.

Сұхбат соңында білікті маман 2023 жылы Алматы полигоны аумағында жеті баллдық күшті жер сілкінісі күтілмейтінін атап өтті.

"Күні кеше ғана біз Алматы полигоны аумағындағы жер сілкінісінің орташа мерзімді болжамы бойынша қорытынды әзірлеп, уәкілетті органдарға тапсырдық. Бұл тұжырымға сәйкес, 2023 жылы Алматы полигоны аумағында жеті баллдық күшті жер сілкінісі күтілмейді. Ғылыми зерттеулер бойынша апта сайын қысқа мерзімді қорытынды жасалады, ол 200-ден астам болжамдық параметрлерді талдау негізінде құрастырылады. Осы тұжырымдар бойынша алдағы аптада да бәрі тыныш болады деп күтілуде", — деп сөзін қорытындылады ол.

Соңғы жаңалықтар