Алматыда арықтар бетонмен жабыла бастады. Әкімдік не үшін екенін түсіндірді - kaz.caravan.kz
  • $ 457.21
  • 534.62
+22 °C
Алматы
2026 Жыл
29 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматыда арықтар бетонмен жабыла бастады. Әкімдік не үшін екенін түсіндірді

Алматыда арықтар бетонмен жабыла бастады. Әкімдік не үшін екенін түсіндірді

Алматы тұрғындары қала тарихының ажырамас бөлшегіне айналған арықтардың тағдырына алаңдап, әлеуметтік желіде ойларымен бөлісе бастады. Тұрғындар Достық бойындағы арықтарды суретке түсіріп, неге жабылып жатқанын сұраған. Олар сондай-ақ арықтардың жабылуынан туындайтын ықтимал салдарымен де бөлісті.

  • 29 Сәуiр
  • 46
Фото: Facebook/Anel Kurmanova

Caravan.kz медиа порталының тілшісі әкімдікке ресми сауал жолдап, халықтың сұрағына жауап алды.

Халықтың сауалы

Мәселеге алғашқылардың бірі болып Threads желісінің қолданушысы alexdarin800 назар аударды. Ол арықтардың бетон плиткамен жабылып жатқанын көрсетіп, су өтетін жерлердің тым тар болып қалғанын жазды.

Ал Facebook желісінде қолданушы Әнел Құрманова мұндай өзгерістердің зиян болуы мүмкін екенін жазды. Оның пікірінше, Орталық Азия қалаларында арықтардың ашық болуы кездейсоқ емес.

«Арықтар жазғы аптап ыстықта булану арқылы қаланың микроклиматын қалыптастырады. Олар ағаштарды ылғалмен қамтамасыз етіп, ауа температурасын төмендетуге көмектеседі», — деп жазды ол.

Тұрғындар алаңдап отырған мәселелер:

Тазалау қиындайды

Бұрын ашық арықты бір жұмысшы бірнеше минутта тазалай алатын. Енді қоқыс, жапырақ пен лай плитканың астында жиналып, оны тазалау үшін арнайы техника немесе плитканы ашу қажет болады ма?

Су басу қаупі

Су өтетін торлар тар болса, қатты жаңбыр кезінде тез бітеліп қалуы мүмкін. Соның салдарынан су жолға және тротуарға жайылып кетеді ме?

Ағаштарға зиян келуі мүмкін

Арықтар арқылы келетін ылғал мен ауа ағаштың тамырларына жетпей қалса, кері әсер етуі мүмкін бе?

Микроклиматтың өзгеруі

Ашық арықтардағы су буланып, ауа температурасын бірнеше градусқа төмендететін. Бұл фактордың жойылуы жазғы аптапта қаладағы жылу жүктемесін арттыруы мүмкін ме?

Кейбір пікірлерде жабық жүйені күтіп ұстау қымбатқа түсуі мүмкін деген уәж де айтылып жатыр, яғни плитка уақыт өте келе шөгіп, жиі жөндеуді қажет етуі мүмкін.

Әкімдік не дейді?

Тұрғындардың уәждерін негізге алып, Caravan.kz тілшісі тиісті органға сауал жолдады. Бұл мәселеге қатысты Алматы қаласы Медеу ауданы әкімінің аппараты жауап берді.

«Арық желілерін ішінара жабу қалалық инфрақұрылымды жаңғырту аясында жүзеге асырылуда. Бұл жұмыстар жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жол-көлік оқиғаларының қаупін азайтуға, сондай-ақ санитарлық жағдайды жақсартуға және қызмет көрсетуді жеңілдетуге бағытталған. Сонымен қатар су бұру жүйесі сақталады. Яғни, арық желілері жаңбыр және еріген қар суларын ағызу функциясын әрі қарай да орындай береді», — делінген ресми жауапта.

Осы тұста айта кетейік, 20 сәуірде Бостандық ауданында қайғылы оқиға орын алған еді. Толассыз жауын кезінде ер адам арыққа құлап мерт болған. Арықты тазартуға келген коммуналдық қызмет өкілдері қоқыс орнына мәйітті тапқаны айтылды. Желідегі ақпаратта ер адам мас күйде жаңбыр кезінде арыққа құлап кеткені жазылған. Алматы Полиция департаменті бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.