Алматыда балабақшадағы жантүршігерлік апаттан қаза тапқан қыз жерленді - kaz.caravan.kz
  • $ 471.45
  • 547.21
+13 °C
Алматы
2026 Жыл
22 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматыда балабақшадағы жантүршігерлік  апаттан қаза тапқан қыз жерленді

Алматыда балабақшадағы жантүршігерлік апаттан қаза тапқан қыз жерленді

Бүгін Алматыда джиптің астында қалып қаза тапқан 5 жасар бүлдіршіннің денесі жер қойнына тапсырылды. Жантүршігерлік жағдай кеше болған. Әйел тізгіндеген көлік балабақша қоршауын қиратып, арғы жағында ойнап жүрген бүлдіршіндерді таптап өткен. Сол кезде доңғалақ астында қалған қаршадай Кәусар бірден жан тапсырса, тағы 9-ы ауыр жараланған еді. Ал, тежегіш пен газды шатастырып адам өлтірген әйелге қатысты полиция әзірге мәлімет таратпай отыр.

  • 22 Мамыр 2015
  • 477
Фото - Caravan.kz

Жантүршігерлік жағдай болған балабақшада бүгін тыныштық орнаған. Астан-кестені шыққан ойын алаңы  дереу жинастырылыпты. Ал, кішкентай Кәусардың қазасына бірге қайғырған жұрт таңнан бері гүл шоқтары мен түрлі ойыншықтарды әкеліп көңілдерін білдіріп жатыр.

Елена Белокурова, Алматы қаласының тұрғыны:

Сұмдық жайт әрине. Ешкімнің басына бермесін. Кіп-кішкентай қыз ғой. Өмірде әлі ештеңені көріп үлгерген жоқ.

Марқұм бүлдіршін бүгін жер қойнына тапсырылды. Қайғыдан қан жұтқан Кәусардың туыстарымен бірге өзге де ата-аналар кетіпті. Ал, балабақшаның өзі күндегідей жұмысына кіріскен.

Әлия Сағиева, Алматы қалалық Білім басқармасының бөлім басшысы:

-Тек, оқыс жағдай болған топтың бір екі баласы келді. Өйткені ата-аналардың бәрі қызбен қоштасуға кетті. Ертеңнен бастап бәрі келеді. Қазір балабақшада психологтар балалармен, балабақшаның қызметкерлерімен жұмыс істеп жатыр.

Сұмдық жағдай кеше болған. Лэнд Крузер тізгіндеген әйел тежегіш пен газды шатастырып, балабақша ауласында ойнап отырған бүлдіршіндерді басып кеткен еді. Доңғалақ астында қалған 5 жасар Кәусар сол жерде қаза тапса, тағы 9-ы ауыр жараланды. Бүгін біразының бері қараған. Жансақтау бөлімінде жатқан бір бүлдіршін палатаға ауыстырылыпты.


Николай Дьяченко, Алматы қалалық № 1 клиникалық балалар ауруханасының дәрігері:

-Барлығының жағдайы қалыпты. Өмірлеріне төнген қауіп жоқ. Қажетті емін көрсетіп жатырмыз. Енді 3-4 күннен кейін ауруханадан шығара бастаймыз.

Ал, полиция тергеу аяқталмайынша, тежегіш пен газды шатастырған әйел жайында мәлімет таратпай отыр. Осы сұмдық жағдайдан кейін Алматыдағы барлық балабақшалардың қауіпсіздігі тексерілуде. Егер кінәрат табылса, кешегідей жағдай қайталанбас үшін дереу түзетілмек.