Алматыда дәрілік заттардың бағасы жыл соңына дейін көтерілмейді - әкімдік - kaz.caravan.kz
  • $ 474.83
  • 518.99
+28 °C
Алматы
2024 Жыл
18 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматыда дәрілік заттардың бағасы жыл соңына дейін көтерілмейді - әкімдік

Алматыда дәрілік заттардың бағасы жыл соңына дейін көтерілмейді - әкімдік

Алматыда бүгін қала әкімінің орынбасары Зәуреш Аманжолованың қатысуымен дәріхана басшыларының отырысы өтті.

  • 24 Тамыз 2015
  • 600
Фото - Caravan.kz


Жиын барысында қала әкімінің орынбасары фармацевтерді әкімдікпен 2015 жылдың 3 сәуірінде қол қойылған өзара ынтымақтастық туралы меморандум талаптарын бұзбауды ескертті. 

«Біз сіздерден меморандумда көрсетілген 200 атаулы дәрілік заттарға бағаны көтермеуді сұраймыз. 2015 жылдың 31 желтоқсанына дейін аталған меморандум талаптары сақталуы керек. Дәрілік заттардың тізімі әр дәрігерде бар, енді әр дәріханада ілініп тұруы керек. Сондай-ақ шетелдік жеткізушілермен жұмыс жасайтын компанияларға ескі бағамен әкелінген дәрілік заттардың бағасын көтермеуді сұраймыз. Стационарлық қызметте бәрі белгілі, тендерлер ойнатылған. Барлық емдеу орындары қажетті дәрілерді сатып алған. Негізінен қазақстандық дәрілер бағасы көтерілмеуі керек», — деді қала әкімінің орынбасары Зәуреш Аманжолова.
Оның айтуынша, аталған тізімде 80 пайыздан аса дәрілік заттар Қазақстанда шығарылады. Тізімге тек белгілі бір өндірушінің өнімі ғана енген. 
«Мәселен, неге 1 анальгин екі дәріханада екі түрлі деген сұрақ тумауы керек. «Химфарм» шығарған анальгиннің бағасы ғана қадағаланады. Ал, қалғандарын нарық реттейді. Сондай-ақ онда мөлшерлемесі де көрсетілген. Тізімде 5 мг деп көрсетілсе, тек 5 мг-дық дәрілік заттың бағасы өзгермеуі керек», — деді фармацевтикалық бақылау саласының өкілдері.
Медициналық және фармацевтикалық қызметті қадағалау комитетінің Алматыдағы департаменті басшысының орынбасары Майра Үкібай теңге бағамы өзгергелі бері 4 күнде қаладағы дәріханаларда тексеру жүргізілгенін атап өтті. 
«Қалада 791 дәріхана бар. Олардың ішінде тексерумен бас сұққан 40 дәріхананың барлығында да тізімде көрсетілген дәрілік заттардың бағасы көтерілмегеніне көз жеткіздік», — деді ол.
Дәріханалардағы бағаларды бүгіннен бастап еріктілер тексереді. Алайда мамандардың айтуынша, кез-келген тұтынушы аталған тізімді пайдаланып, баға тұрақтылығын талап ете алады. Егер бір жерде баға негізсіз көтерілсе, тұтынушылар 271-26-08 нөміріне хабарласып, шағым түсіре алады.