Жарияланды: 7000

Алматыда еліміздің үздік 80 студенті марапатталды

Алматыда еліміздің үздік 80 студенті марапатталды

Бүгін Алматыда Нұрсұлтан Назарбаев Қорының студенттік шәкіртақысын салтанатты табыстау рәсімі өтті. 80 жас осы оқу жылы бойы дербес стипендия алады. Стипендия иегерлері оқуда, шығармашылықта, ғылымда жоғары жетістігі бар және өз ЖОО-лары мен өңірлерінің өміріне үлес қосқан студенттер болып табылады.

2010 жылдан бастап еліміздің түкпір-түкпірінен 959 студент Қордың стипендиаты атанды. Жобаның мақсаты жоғары және арнаулы орта (Өнер және мәдениет) оқу орындарының күндізгі оқу студенттерінің оқу, ғылыми және шығармашылық қызметін ынталандыру.

Жаңа оқу жылында бағдарламаға 299 адам қатысты. Оның ішінде «Өнер және мәдениет» бағыты бойынша 124 адам және «Ғылым» бағыты бойынша 175 үміткер. Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Көкшетау, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Петропавл, Семей, Талдықорған, Тараз, Түркістан, Орал, Өскемен сынды сан түрлі қаладан қатысты.

Осы маусымның үздік студенттері Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында марапатталды. «Стипендиат атағы – бұл сіздердің әрқайсыңыздың даму мен табысқа жету жолын таңдағаныңыздың дәлелі. Бірақ табыс мұнымен шектелмейді. Бұл сіздерді шыңдайтын, сенімділікті арттыратын жол. Қазіргі теориялық физиканың негізін қалаушының бірі Альберт Эйнштейн айтқандай: «Табысқа емес, оның құндылықтарға ұмтылыңыз». Сіздерге осы құндылықтарды тануға тілектеспін!», - деді Қордың Алматы өкілдігінің директоры Сергей Тоқтаров стипендия сертификатын тапсыра отырып.

Бұған қоса, ол Қордың стипендиясы оқудағы жоғары үлгерімі мен өзге де критерийлері үшін материалдық көтермелеу ғана емес, сонымен қатар жеке өсуге және ішкі әлеуетті шексіз ашуға үлкен ынталандыру екенін атап өтті.

- Мен үшін бұл шәкіртақының маңызы зор, мағынасы терең. Ол менің күш-жігерімнің, армандарым мен талпыныстарымның шынайы құндылығы мен маңызы бар екеніне дәлел. Стипендия маған сенімділік берді, қабілетіме деген сенімділікті нығайтты және жаңа мақсаттар қоюға түрткі болды. Бұл жеңіс өзімнің жетістігіммен қатар, бар күш-жігеріңді арнап, жаныңды салып еңбектенсең, арманның шындыққа айналатынын, оған қол жеткізуге болатындығына бұлтартпас дәлел болды, - деді С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің 4 курс студенті Ерболат Болатов.

Құрманғазы атындағы ҚҰК ректоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Әшіров; Қор жанындағы мәдениет жөніндегі кеңестің төрағасы, Чайковский атындағы АМК директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Біржан Хасанғалиев; Селезнев атындағы АХУ директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Мұрат Түкеев; Қор жанындағы Ғылым жөніндегі Кеңестің мүшесі, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы басқармасының басшысы Қуантар Әлиханов; Қор жанындағы Ғылым жөніндегі Кеңестің мүшесі, «Тұран» университетінің стратегиялық даму, ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры, э.ғ.к., PhD докторы Дина Разакова да стипендиаттарды құттықтады.

Естеріңізге сала кетейік, академиялық үлгерімі жоғары ең кемі екі оқу курсын сәтті аяқтаған, қоғамдық және ғылыми-зерттеу қызметіне белсенді қатысатын, республикалық, халықаралық фестивальдар мен байқауларда жетістікке жеткен студенттер стипендияға үміткер бола алады.

Байқауға барлық талапқа сай, тегін және ақылы негізде білім алатын студенттер бірдей шартпен қатыса алады. Қордың стипендиясы дербес болып табылады, бір оқу жылына белгіленеді және ай сайын 40 мың теңге мөлшерінде төленеді.

- Осы күнге жету үшін екі жылымды арнадым, мемлекеттік білім беру жүйесіндегі пәндер бойынша жоғары балл алдым, жоғары оқу орындары арасындағы ғылыми-тәжірибелік конференцияларға, сонымен қатар, түрлі халықаралық және республикалық байқауларға, олимпиадаларға, өзімнің флейта мамандығым бойынша шеберлік дәрістеріне қатыстым. Фамилиямды жүлдегерлер тізімінен көргенде, өмірдегі барлық нәрсе мүмкін екенін және бәрі өзіміздің қолымызда екенін түсіндім, ең бастысы мақсат қойып, ақыл-ой әлеуетін, шығармашылық қабілет пен музыкалық талантты аша отырып, оған қол жеткізу керек. Нұрсұлтан Назарбаев Қорына қазіргі жастарға қаржылай қолдап, ынталандырып, өзін көрсетуге мүмкіндік бергені үшін алғыс айтамын», - деді Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваторияның 3 курс студенті Ақтоты Ахмедьярова.

Сертификаттарды салтанатты табыстау рәсімін Құрманғазы атындағы ҚҰК студенттері арнайы концерттік бағдарламамен сүйемелдеді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін