Алматыда ереуілге шыққан «Адем» саудагерлерін тыныштандыру үшін арнайы жасақ тартылды - kaz.caravan.kz
  • $ 470.8
  • 545.99
+9 °C
Алматы
2026 Жыл
23 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматыда  ереуілге шыққан «Адем» саудагерлерін тыныштандыру үшін арнайы жасақ тартылды

Алматыда ереуілге шыққан «Адем» саудагерлерін тыныштандыру үшін арнайы жасақ тартылды

Алматыда жексенбідегі алапат өрттен қыруар шығын көрген саудагерлер өтемақы берілуін талап етті. Зардап шеккендер бүгін тағы «Адем» сауда орталығы әкімшілігінің алдына жиналды. Бірақ базар басшысының ешкіммен тілдескісі жоқ. Ақыры ашуға мінген жұрт кеңсеге өздері баса көктеп кірмек болды. Күзеттің әлі келмеген соң, саудагерлерді сабасына түсіру үшін арнайы жасақ шақыртуға тура келген. Жалпы 25 мың шаршы метр аумақтағы тауарларды тып-типыл еткен тілсіз жау, 3 мыңнан астам саудагерді шығынға батырған екен.

  • 29 Сәуiр 2015
  • 332
Фото - Caravan.kz

Шаш етектен шығынға батқан кәсіпкерлер сауда орталығының әкімшілігінің алдында тағы жүр. Күйген тауардың өтемақысын берсе деп.  Әсіресе, бірнеше бутигі бар саудагерлердің ашуы қатты. Көбі тікелей сауда орталығы қожайынымен тілдесуді қалағандар.

Көптің қаһары сескендірсе керек, базар басшысы сыртқа шыққан жоқ. Ақыры жауаптының жауабын ала алмаған жұрт есікке лап қойды. Тіпті саудагерлерді тоқтату үшін арнайы жасақты да шақыртуға тура келген. Елді сабырға шақырып, ортада прокурорлар да жүр.

Нариман Бекназаров, Жетісу ауданның прокуроры:

-Қандай сұрақтарыңыз бар, әзірлеңіздер. Бірге базар әкімшілігіне қоямыз. Бұлай шулағаннан түк шықпайды. Мен жеке барлығына қолдан келгенше көмек беруге уәде етемін.

Тек оған миллиондап шығынға батқандардың көндіге қоюы қиын-ақ. Өтемақы берілмесе, бәрі күнде осында келмекке де әзір. Сондай-ақ, күйген тауар да сыртқа шығарылсын деген талаптары бар.

Қанапия Бақтыбаева, саудегер:

— Неге шығып, жұртқа жөндерін айтпайды? Адамша қабылдаса болады ғой. Мал емеспіз ғой. Жиған-тергенімізден бір күнде айырылу оңай ма?! Күйген тауарды берсе, ішінен сау қалғанын алар едік.


Тыныштық Жаппарова, саудагер:

-Менің қызым екеуіміздің 8 бутигіміз жанып кетті. Қанша сома екенін айта алмаймын. Қанша жылдан бері жинаған. Қалған тауарлар бар. Жаңадан әкелген тауар бар.

Ал жексенбіде шыққан өрттің әзірге бықсыған түтіні де басыла қоймапты. Ресми ақпарға қарағанда, сауда кешенінің 25 мың шаршы метр аумағы түгел жанып кеткен. Сөйтіп, «Адемнің» оң қанатын түгел қара күйе айналған-ды. Оның үстіне, сырты тез жанғыш материалдың әсері де болған деседі. Төтенше жағдайлар қызметі мұнда қауіпсіздікке қатысты оншақты талаптың бұзылғанын алға тартып отыр.

Әзірге сауда орталығының басшылығы саудагерлерден жеке-жеке арыз қабылдап жатыр. Бұл шамамен 3 мыңға жуық адам. Ал толық өтемақы беру мәселесі өрттің себебі нақты анықталғаннан кейін шешілмек. Орын беру жағы да. Сондықтан әзірге бұл адамдардың шыдастық танытуынан тұруына тура келмек.