Жарияланды: 310

Алматыда Ерлан Біләлдің соты басталды

Алматыда Ерлан Біләлдің соты басталды

Әуезов театрының бұрынғы басшысы оның алдында 600 мың теңге алып, жұмсап жібергенін айтты

Бұл туралы tengrinews.kz сайты хабарлайды. 

Алматының Алмалы аудандық сотында ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Біләлға қатысты басты сот отырысы өтті. Оған ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабының 3-бөлігі және 366-бабының 2-бөлігі «Пара алуға оқталу» бойынша айып тағылды. Сотқа дейінгі тергеу органының мәліметі бойынша, Біләл «Сезам» қоғамдық қайырымдылық шығармашылық қорының президенті Қайрат Баяновтан Әуезов театрының қабырғасында жаңажылдық қойылымдар қою үшін 1,5 миллион теңге пара алмақ болған. Сотта судья Қуаныш Әріпов төрелік етті.

«Сыйақы туралы келістік, сосын 2 қаңтарда кездесіп, ол маған 600 мың теңге берді. Екінші рет 4 қаңтарда 900 мың теңге берді де, мен сол күні ұсталдым. Кінәмді толық мойындаймын, өкініш білдіремін. Басында Баянов маған өзі ұсынған. Бізде жылда шыршалар, қойылымдар өтеді. Өзі келді. Қазақша айтқанда ризалығын білдіру үшін. Басында соманы да өзі айтқан болатын. 600 мыңды қайда жаратқаным есімде жоқ, қарыздарымды қайтарып жүргенмін. Ешкім қысым жасаған жоқ, кінәмді өзім мойындадым», - деді Ерлан Біләл сот отырысы кезінде.

Айта кетейік, Ерлан Біләлдің адвокаты істің БАҚ өкілдерінің қатысуынсыз өтуін сұраған еді. Судья тараптар пікірін тыңдап, аудиожазбаға, суретке және видеоға түсіруге тыйым салды. Сонымен қатар, қорғаушы куәгерлерді - белгілі әртістер Асанәлі Әшімов пен Болат Әбділмановты тыңдауды өтінді. Олар Ерлан Біләловті сипаттайтындықтан, судья олардың іске қатысуына рұқсат берді.

Сонымен қатар, сотқа Ерлан Біләлға арыз түсірген Қайрат Баяновтың адвокаты да келді. Прокурор істі шегеруді ұсынды. Қайрат Баяновтың өзі сотқа куәгер ретінде қатысты. Мұның алдында сот Ерлан Біләлді кепілмен босатқан еді. Ол 1 миллион 205 мың теңге көлемінде кепіл сомасын берді.

Еске салайық, 5 қаңтарда ҚР еңбек сіңірген қайраткері, актер, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры басшысы Ерлан Біләлов 1,5 миллион теңге парамен ұсталғаны хабарланған болатын. Кінәсін толық мойындауына байланысты Ерлан Біләлов қамауға алынбады. Осыдан кейін 9 қаңтарда Әуезов театры директоры міндетін атқарушы тағайындалған. Ал 17 қаңтарда Ерлан Біләлдің ісі сотқа түскен еді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін