Жарияланды: 450

Алматыда инвестициялық жобалардың екінші тұсаукесері өтеді

2003-жылдың 25-қыркүйегінде Алматыда инвестициялық жобалардың екінші тұсаукесері өтеді. Бұл туралы KZ-today тілшісіне "Қазинвест" ЖАҚ-нан хабарлады.

Мұндай шараны ұйымдастырушы әрі бастамашысы - ҚР индустрия және сауда министрлігінің инвестицияларға ықпал жасау жөніндегі "Қазинвест" орталығы болмақ. Шарада "Химфарм" (Шымкент фармацевтика зауыты) ААҚ, минералдық су өндіруші "Әсем ай" ЖШС, алтын өндіруші "Юбилейное" ЖШС, "ЗИКСТО" ЖШС (Петропавл машина жасау зауыты) тәрізді Қазақстандық өнім өндірушілердің 10-нан астам инвестициялық жобалары Еуропалық қайта құру және даму банкі, Азия даму банкі, Ислам Даму банкі тәрізді халықаралық қаржылық ұйымдардың беделді мамандары, отандық екінші деңгейдегі банктер, инвестициялық қорлар, отандық және шетелдік ірі компаниялар секілді мүдделі потенциалдық инвесторлар назарына ұсынылады. Шараның басты мақсаты - болашағынан үміт күттірген отандық инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға отандық және шетелдік капитал тарту болмақ. Инвестициялардың көмегімен жаңа әрі жоғары технологиялық өндірістер негізін қалау, негізгі қорды жаңалап, кәсіпорындарды техникалық қайта жабдықтау, қолда бар мамандар қорын тиімді пайдалану, басқару және маркетинг саласындағы озық жетістіктерді қолданысқа енгізу, ішкі рынокты отандық сапалы тауарлармен қамтамасыз ете отырып экспорт көлемін ұлғайту көзделіп отыр. Мұндай шараларды өткізу тек потенциалдық инвесторлар үшін ғана емес, сондай-ақ, өз жобаларының жүзеге асуына мүдделі отандық компаниялар үшін де айрықша маңызды делінген хабарламада.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть