Жарияланды: 530

Алматыда көшелерді тазарту жұмыстары түнгі уақытта жүргізілетін болды

Алматыда көшелерді тазарту жұмыстары түнгі уақытта жүргізілетін болды

Алматыда көшелерді арнайы техникамен тазарту жұмыстарының негізгі бөлігі түнгі уақытта жүргізілетін болды.

Бұл туралы бүгін Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады. 

«Алматы қаласы әкімінің тапсырмасы бойынша қала көшелерін арнайы техникалардан босату мақсатында, 423 жазғы арнайы техника түнгі жұмыс режіміне ауыстырылды. Өйткені, олар көп жағдайда көлік кептелісінің қалыптасуына себеп болады», делінген хабарламада.

Су шашатын машиналар күндіз қарбалас сәттерден басқа (таңғы, түскі және кешкі уақыт) уақыттарда арнайы бектілген кесте бойынша тас жолдардың тек жол жиегіндегі арықтарға дейінгі бөлігін ғана жуып, тазартатын болады. 
ҚР Еңбек Кодексінің 129 бабына сәйкес, «түнгі уақыттағы әрбір жұмыс сағаты жұмысшының күндізгі (сағат) жұмыс мөлшерлемесіне қарай, 1,5 мөлшерден кем төленбейді». Осыған байланысты жол жұмысшыларын, жүргізушілерді, механизаторларды күндізгі жұмыстан түнгі жұмысқа ауыстыру барысында еңбекақы қоры 50 пайызға ұлғаяды.

Сондай-ақ қысқы мерзімде жолдарды тазарту және қар тасымалдау жұмыстарын да түнгі уақытта жүргізу жоспарлануда. Арнайы техникалар мен жол жұмысшыларының негізгі бөлігі түнгі ауысымға өтеді.

Естеріңізге сала кетелік, қала көшелері мен жаяу жүргіншілер жолдарын тазарту жұмыстарын 18 мердігер кәсіпорын жүзеге асырады. Олардың қолында 860 мамандандырылған техника бар. Соның ішінде 660 техника жазғы мезгілде қолданылады. Ал жол жұмыстарын атқаратын жұмысшылардың саны 1500-ден асады, қысқы мезгілде - 2000 адамға жетеді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін