Алматыда күзетшілердің жұмысына көңілі толмаған жұрт олармен жаға жыртысты - kaz.caravan.kz
  • $ 486.19
  • 554.26
+17 °C
Алматы
2026 Жыл
24 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматыда күзетшілердің жұмысына көңілі толмаған жұрт олармен жаға жыртысты

Алматыда күзетшілердің жұмысына көңілі толмаған жұрт олармен жаға жыртысты

Тұрғын үйдегі билік үшін бітіспес дау! Бүгін Алматыдағы ірі тұрғын үй кешенінің тұрғындары сол жерге қызмет көрсететін компаниямен қырықпышақ болды. Даудың басы былай боп тұр: мұндағы жұрт «Рауғаш-Сервис» компаниясы дұрыс жұмыс істемейтіндіктен, одан бас тартып басқа компаниямен келісім-шарт жасасқан. Дегенмен 2008 жылдан бері тұрғын үй кешенінде қожайын болған бұрынғы ұжымның қызметтен оңайлықпен кеткісі жоқ. Тіптен іс сотқа дейін жетіп, шешім де шыққан. Бірақ оған ешкім де бағынар емес.

  • 23 Тамыз 2014
  • 371
Фото - Caravan.kz

Таң алкеуімде ашуланып шыққан, алыстан мен-мұндалайтын мына кешеннің тұрғындары бірден күзетшілерге ұмтылды. Олар ұрынарға қара таппай жүрген жоқ. Тек іске алғысыз іс қылғанымен ақысына қыруар қаржы сұрайтын күзет компаниясын қуып шығып, орнына басқа ұжымды әкелмек.

Қарасы көп қараша іштегі саусақпен санарлық күзетшіні бұйым құрлы көрмеді, желкелеп қуып шықты барлығын тысқа. Қызметтік техникаларын түгел жинап, тоқтарын шимайлап байлап қолдарына берді. Арада сүт пісірім күзет компаниясының басшылығы да жетті. Алдымен жиналған жұртпен бір жанжалдасып алды, артынша ғимаратқа күшпен қайта кірді. Төбелеспен тынды бәрі.

2008 жылдан бері бұл тұрғын үй кешенін билеп-төстеп келе жатқан күзет компаниясының әрекетін таспаға баспақ болғандар да оңбай таяқ жеді.

Тұрғындар кешеннен пәтер сатып алғанымен бүгін жұртты жұдырықпен ұрып жүрген күзет компаниясы басшысының қас қабағына қарап қалдық дейді. Жалдамалы жұмысшы болғанымен кешенді түгел билеп-төстеп кеткен олар.

Ирина Кан, Алматы қаласының тұрғыны:

— Олар мына кешен түгел өзімдікі деп санайды. Ойына келгендерін істейді, көлік қоятын тұрақтағы орындарды сатып өз бағаларын қояды. Сенің компанияң керек емес, кет десек де құлақ аспайды. Тіпті қарсы шыққан мені бүгін ұрып тастады.

Мұндағы тұрғындаржиналыс жасап басқа компанияны сайлап, онымен келісім-шарт жасасып алыпты. Бірақ олар да мыналар кетпейінше кешенге қызметке келе алмай отыр.


Виталий Кан, Алматы қаласының тұрғыны:

— Біз 23 ақпанда тұрғындардың жалпы жиналысын өткізіп бұл компанияның қызметінен бас тарттық. Дауыс беру бойынша «Global home service» ЖШС-ін таңдадық. Міне құжаты заңды түрде бар. Бұл тұрғын ретінде біздің құқығымыз. Бірақ заңды құқығымыз бүгінгідей тапталуда.

Тұрғындармен төбелесте титықтаған күзет компаниясының өкілдері ақыр аяғында тілшілерге түсініктеме беруге тырысты. 

Ерланбек Бағаев, «Рауғаш-Сервис» ЖШС директоры:

— Міне, менің қолымда протокол бар. Бұл жерде тұрғындардың барлығының қолы тұр. 2012 жылы дауыс беріп, менің компаниямды қайта қызметке қалдырған. Бірақ бүгін шулап жүрген осы кешеннің 22 тұрғыны әдейі біздің орнымызды тартып алмақшы. Оған қоса барлығы тиісті төлемдерін төлемегендер, бізге 500 мың теңгеден астам қарыз.

Шу шықты, артынша ушықты осылай. Тұрғын үй кешенінің тұрғындары қанша арызданса да күзет компаниясының жайлы орнынан жылжитын түрі жоқ. Сотқа да шағымданыпты ел, шешімдер де шыққан. Бірақ мантия киген мырзалардың шешімдері екіленген екі тарапты елдестіре алар емес. Айтпақшы, тұрғындар мен қызмет көрсететін компания қырықпышақ боп жүргенде, алқабы орасан үйде жылу маусымына дайындық әлі басталмапты. Қысты күн қиын болмақ, демек.