Қайғылы оқиға «Орбита» ықшамауданындағы мына тұрғын үйдің бірінші қабатында болған. Шамамен кешкі сағат 8-дің кезінде. Кейін анықталғандай, Роман Поздняков есімді мүгедек жігіт «РГД-5» гранатасымен өз пәтерін жарып жіберіпті. 28 жастағы азамат сол жерде жан тапсырса, көрші бөлмедегі анасы мен ағайын інісі аман қалған.
оқиға куәгері:
— Мен мына қарама-қарсы үйде тұрамын. Теледидар көріп отырған едім, кенет қатты жарылыс естілді. «Үй құлап кетті ме?» деп қалдым. Көршілерім де қорқып далаға шығыпты. Түтін иісі тарады. Сөйтсек, іргедегі үй тұрғынының бірі өзін-өзі жарып жіберіпті.
Әзірге «суицид» болуы мүмкін деген болжам жасалуда. Десе де анық-қанығы түрлі сараптамалық тексеруден соң белгілі болмақ.
Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық ІІД баспасөз хатшысы:
— Қазіргі таңда жарылыстың себеп- салдары және «РГД-5» гранатасының сол адамда қалай пайда болғаны анықталып жатыр. Қылмыстық кодекстің 251-ші бабы бойынша іс қозғалды.
Көршілерінің айтуынша, Роман тұйық мінезді, ешкіммен аралас-құраласы жоқ жігіт болыпты. Мүгедек арбасына 15 жасында жеткіншектер арасында тіркелген бір төбелестен кейін таңылған. Бірақ таяуда Қытайға барып, ем қабылдап қайтқан екен.
— Анасымен бірге тұрған.
— Отбасы қандай еді?
— Жақсы отбасы-тұғын.
— Ешкім ішімдік ішпеуші ме еді?
— Жоқ. Достары да жақсы болатын. Үйіне қонаққа келіп, оны кешкілік серуендеуге алып шығатын.
Ал бұл Роман Поздняковтың «YouTube» сайтындағы жеке күнделігінен алыған бейнекөрініс. Онда жігіт арбада отырып-ақ қалай жаттығатынын және ем қабылдаған соң қалай аяғын баса бастағанын көрсетіп отыр. Достарымен жүрген сәттерін де салған. Соған қарағанда, жігіттің өзін-өзі өлтіру туралы ойында да болмаған тәрізді.
Десе де бейресми айтылған бір ақпарға қарағанда, Роман Поздняков әлдебір сектаға қосылған көрінеді. Тіпті дінін ауыстырып, есімін де Разаман деп өзгертіпті. Әзірге бұл мәлімет Ішкі істер қызметі тарапынан расталған жоқ.