Көлік кептелісінен көз ашпайтын Алматыға жаңа жол салынады деген ақпарды ел алақайлап қарсы алады қашанда. Бірақ өртеніп, қиратылып құты қашқан Барахолканың маңындағы жұрттың көңілі күпті. Өйткені жаңадан түсетін 10 жолақты күрежолды салу үшін базардың бір бүйірімен қоса 40-қа жуық үйді сүріп тастау керек. Бас жоспарға халық қарсы тұра алмайды. Бірақ төленетін өтемақыға қарындары ашып отыр.
Сұлтан Қадыров, Алматы қаласының тұрғыны:
— Cендер сотқа берем, анау-мынау десеңдер, бұдан да аз береді. Бармаңдар, деп бізді қорқытып қол қойыңдар деді. Және 1 айдан соң үйде босат деп отыр. Қайда барамыз? Тұратын бір үйіміз болмаса?
Орта есеппен алсақ қиратылған үй мен қайтарылар жерге берілетін ақысы былай, жердің әр сотығына 7 мың доллар, үйдің шаршы метріне 800 доллардан. Дегенмен жұрт мұны жұғын көрмей отыр.
Гүлнар Бердіқұлова, Алматы қаласының тұрғыны:
—Қаланың сыртына кетіп сол жақтан үй салыңдар дейді. Мен жасым ұлғайғанда қайтадан суға төлеп, қайтадан газ орнатып бармаймын да ол жаққа.
10 жолақты трассаның жолында 79 меншік иесі бар екен. Соның тек 9-ы тұрған жерлерін тастап кетуге келіскен. Ені 130 метр болатын күрежол үшін сүрілетін тамдардың нарықтық бағасын тәуелсіз компаниялар бағалады деді шенділер. Ал жұрт ұсынғанға көнбесе сот арқылы желкелеп шығармақ.
Аман Әбдіраманов, Алматы қаласы жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары:
-Тәуелсіз бағалау компаниялары арқылы жұмыс жүргізіледі. Бұл мемлекеттің пайдасына керекті жерлер ғой, алып қою жұмыстары сол үшін жүргізіліп жатыр. Мұның нақты уақыты бар ғой. Егер сол уақытқа дейін екі жақ келіспесе әрі қарай сотқа береміз. Сот арқылы шешілетін іс.
-Алматының бейресми брендіне айналған Барахолканың қазіргі күйі міне адам аярлықтай. Тас талқан болған құрылыстың қалдықтары тау-тау болып үйіліп жатыр. Мемлекеттің қажеттілігі үшін делінгенмен жерлеріміз бен оған тұрғызылған тамдарымызға төленетін өтемақысы өте аз деген жұрт міне базардың тура қарсы бетінде тұрады. Бел кеткенше беріспейміз деген жұрт егер де табан тіресіп тұрып алсақ дәл осы базардың күйін кешемізбе деп қауіптенеді.