Жарияланды: 570

Алматыда "Қазақстан экономикасындағы шикізат секторынан түсетін кірістерді қалыптастыру және оны пайдалануға мониторинг жүргізу " тақырыбында дөңгелек үстел өткізілуде

Бүгін, 21-қарашада Алматыда "Қазақстан экономикасындағы шикізат секторынан түсетін кірістерді қалыптастыру және оны пайдалануға мониторинг жүргізу " тақырыбында дөңгелек үстел өткізілуде,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

Дөңгелек үстелдің мақсаты - мұнай өндіруші компанияларға салық салу тетіктерін талқылау, мұнай операцияларына салық салу жөніндегі халықаралық тәжірибеге сүйене отырып оны жетілдіру жөніндегі ұсыныстар әзірлеу, сондай-ақ, "Қазақстан Республикасының салық мәселесіне қатысты кейбір заңдық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу жөніндегі" заң жобасын сарапқа салу болып табылады. Сондай-ақ, дөңгелек үстел жұмысы аясында мұнай өндіруші сектордағы ашықтықты қамтамасыз ету жөніндегі Тони Блэрдің бастамасына Қазақстанның да атсалысу белсенділігін арттыру жөнінде ұсыныстар әзірлеу межеленген. Дөңгелек үстелге еліміз парламентінің, Қазақстандағы Ұлыбритания елшілігінің, үкіметтік емес ұйымдар мен Қоғамдық проблемаларға талдау жасау орталығының өкілдері қатысуда. Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 20-қарашада өткен мәжілістің жалпы отырысында депутаттар ҚР салық Кодексінің мұнай операцияларына салық салу жөніндегі бөліміне шетелдерге шығарылатын мұнайға ренталық салық салу туралы өзгертулер енгізу жөніндегі "Қазақстан Республикасының салық мәселесіне қатысты кейбір заңдық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу жөніндегі" заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Ренталық салық тек жер қойнауын пайдалануға жасалған жаңа келісім-шарттарына қатысты, ал бұрынғы барлық келісім-шарттары сол қол қойылған кезде күшінде болған заңдарға бағынады. Экспорттық мұнайға салынатын ренталық салықты есептеу базасы ретінде экспортталатын мұнайдың құны алынады. Ал ол өз кезегінде шетелдерде іс жүзінде сатылатын мұнай көлемі мен рыноктағы бағаға сәйкес белгіленеді. Бұл орайда мұнайдың сапалық сипаттамалары мен оны сатуға қатысты шығындар алып тасталады. Ренталық салықтың ставкасы бір баррель мұнай 19 долларға бағаланған жағдайда 1 процентті құраса, баға 40 доллар немесе одан жоғары болған жағдайда 33 процентке дейін сырғымалы шкала бойынша белгіленеді. Қазір заң жобасы сенаттың талқысына ұсынылған.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін