Алматыда шатырдан секіріп өлген егіз әйел емделуге ақша таппай қиналған - kaz.caravan.kz
  • $ 474.83
  • 515.38
+22 °C
Алматы
2024 Жыл
27 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматыда шатырдан секіріп өлген егіз әйел емделуге  ақша таппай қиналған

Алматыда шатырдан секіріп өлген егіз әйел емделуге ақша таппай қиналған

Алматыда өз-өзіне қол салған екі әйелдің өліміне қатысты тың деректер айтылып жатыр. Ірі сауда орталығының төбесінен қол ұстасып секірген 49 жастағы Мирослава мен Галина Коваленколар егіз екен. Бірнеше жыл бұрын марқұмдардың анасы да өз үйінде асылып өліпті. Екеуі сол шешелерінен қалған бір бөлмелі үйде тұрып келген. Егіздердің мұндай қадамға баруына тұрмыс тауқыметі түрткі болуы мүмкін дейді көршілері.

  • 11 Қараша 2015
  • 474
Фото - Caravan.kz

Өткен дүйсенбіге қараған түні шатырдан құлап өлген егіздердің әрекеті жұрттың жағасын ұстатты. Елуді алқымдап, ес тоқтатқан екеуінің мұндай қадамға не үшін барғанын түсіну қиын. Белгілісі – Мирослава мен Галина Коваленколар томаға-тұйық өмір сүрген. Бірақ ішімдікке еш әуестігі жоқ еді дейді көршілері. 

Людмила Гримм, көршісі:

-Әрқашан бірге жүретін. Екеуі де дене шынықтыру институтын бітірген. Қылыштасу спортымен шұғылданатын. Кейін жұмыстары жабылып, Көк базарда сауда жасады. Бірақ соңғы үш жылдан бері тұрақты жұмыс істеген жоқ.

Марқұмдардың бір бөлмелі пәтері қазыр жабық тұр. Оған полиция мөр басып кеткен. Себебі егіздердің ешқандай туыстары жоқ. Ал бірнеше жыл бұрын бұл екеуінің шешелері де дәл осы пәтерде өз-өзіне қол салған дейді көз көргендер. 

Людмила Гузева, көршісі:

Көрші болғаныма отыз жылдан асты. Жиырма жылдай бұрын аналары да өз үйінде асылып өлген. Егіздердің біреуі тұрмыс құрып кейін ажырасты. Кішкентай қызын күйеуі Германияға алып кетті. Одан бөлек туыс ағалары келіп тұратын. Ол да шетелге кетіп қалды.

Жақын туыстары жоқ болғандықтан марқұмдардың қайда жерленгені де белгісіз. Бір анығы – жақында егіздердің  біріне ота жасалған екен. Бірақ ары қарай емделуге ақша жетіспеген. Ал полиция әзірге тергеу құпиясы деп бұл оқиғаға қатысты жақ ашпай отыр.


Өмірден баз кешіп, өз-өздеріне қол салған апалы-сіңілілі қос әйелдің түнгі сағат төрттер шамасында сауда нысанының шатырына қалайша шығып бара жатқан сәті бейнебақылау камерасына түсіп қалған екен. Алайда күзетілетін нысанға марқұмдардың қалайша емін-еркін еніп кеткені белгісіз. Бірақ бұл сұрақтарға құзырлы органдар да, сауда орталығының әкімшілігі де әзірге жауап беруге асығар емес.