Жарияланды: 330

Алматыда үш бірдей отбасы далада қалды

Ал Алматыда үш бірдей отбасы үйлері өртеніп, далада қалды. Енді барлығы туған-туысты жағалауға мәжбүр. Қыстың алғашқы ызғары сезіле бастаған тұста жергілікті әкімдіктегілер де мардымды жауап берер емес. Тек бір реттік көмек ретінде 16 мың теңге ұстатып қоя берген. 

Бақтыбала Қадырқұлованың жинап-терген дүниесін жалмаған қызыл жалын түнгі сағат екіде тұтаныпты. Жұрт құжаттары мен киімдерін ғана алуға үлгерген. Жапсарлас салынған 3 үйдің қожайындарының бірі күрделі жөндеуді жақында аяқтаса, енді бірі баспанаға қол жеткізгеніне әлі жарты жыл да болмаған екен. Енді тілсіз жаудың кесірінен үйдің де, іштегі мүліктің де дымы қалмаған.

Бақтыбала Қадырқұлова, Алматы қаласының тұрғыны:

- Газ баллондарын шығардық. Содан кейін ұсақ-түйек, теледидар, жүйелік блог және балалардың киімін ғана. Қазір барлығымыз жан-жақта, туысқанымыздың үйінде.

Әзірге баспанасыз қалған отбасы туған-туыс пен жақындарының үйін пана етуде. Оның үстіне өздігінен қозғала алмайтын 77 жастағы қария мен буыны қатпаған қос балғынның жайы да қинап отыр.

Александр Мишенев, Алматы қаласының тұрғыны:

- Екі баласы да ауырады. Анасы орнынан тұра алмайтын жағдайда. Сондықтан көмек тез арада көрсетілсе жақсы болар еді. Өзімнің де үйім өртеніп кеткеніне қарамастан соларға бір пана табылса деп тілеймін.

Үйсіз қалған жандардың барлығы жәрдем сұрап Медеу аудандық әкімдігіне де барған. Бірақ шенділер заң бойынша мұндай жағдайға арнайы қаржы қарастырылмағанын алға тартуда. Олар тек бір реттік көмек ретінде 16 мың теңге берумен шектелген. Ал өзге баспана беру немесе ескісін қалпына келтіру жайлы сөз де қозғамапты. Далада қалған жұрт осыған қарамастан жанып кеткен үйді қалпына келтіруге дәмелі. Енді қайырымды жандар қол ұшын созса деген үмітпен отыр.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін