Жарияланды: 360

Алматыда заңсыз құрылыстың соңы төбелеске ұласа жаздады

Жанармай бекеті үшін жаға жыртысуға дейін барған жұртқа бүгін Алматы әкімінің орынбасары араша түсті. Тұрғындар үйлерінің дәл іргесінде басталған құрылысқа үзілді-кесілді қарсы. Тіпті қоршауды да сындырып тастамақ болған. Тек ашулы елді атқамінерлер сабасына түсірді.  Ал жанармай бекетінің иесі қаланың бұрыңғы әкімдерінен алған рұқсатын енді жаңа басшыларға қайта дәлелдеуі тиіс. Оған дейін құрылыс уақытша тоқтатылды.

Биік қақпамен қоршалған құрылыс орнына жиналған жұрт жанармай бекетінің салынуына қарсы. Жаңа нысан көпқабатты үйлердің дәл алдына салынып жатыр. Тұрғындар бекет іске қосылса, жанармай иісімен тыныстап, денсаулығымызға қауіп төне ме деп қауіптенеді.

Ұлболсын Жақанқызы, Алматы қаласының тұрғыны:

- Бұл жерге біз бензоколонка салуға өте қарсымыз. Себебі, бұл өте үлкен аудан. Бәрі жолды бітеп тастады. Батпақ!

Нысанның жері бір түннің ішінде қоршалыпты. Ондағы жасыл желек те түгелдей кесіліп, қазір орны тегістеліп жатыр. Ал тұрғындарға ескертуді кәсіпкер қажет деп таппаса керек.

Назгүл Сарыбаева, Алматы қаласының тұрғыны:

- Сыртын тек қана 1 ақ түннің ішінде, түнде қоршалған. Себебі, бірі күні кешке бұл дүние жоқ. А екісі күні таңертең жұмысқа шығып бара жатқан адамдар аң-таң.

Ал мердігер компания басшылары құжаттарының бәрі заңды екенін алға тартып отыр. Дегенмен, қаланың жаңа билігі оны қайта тексермек. Бүгін құрылыс орнына келген Алматы әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов мән-жай анықталғанша құрылысты уақытша тоқтату туралы бұйрық беріп кетті.

Жанат Айтілеу, Алматы қалалық сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:

- Құрылыс иесіне тапсырма берді. Құжаттарының заңды-заңсыз екенін тексеріп біткенше құрылыс жүрмеуі керек. Құжаттардың бәрін тексеріп, қаланың әкімі бұл нысанның құрылысы бойынша шешім қабылдайтын болады.

Енді құрылысы басталып кеткен жанармай бекетінің құжаттары толығымен тексерістен өтпек. Бұл үшін 1 апта көлемінде уақыт қажет екен. Ал егер жеке кәсіпкердің құжаттары заңды деп табылса даулы бекет тұрғын үйлердің іргесінен бой көтереді. Осылайша, онсыз да жасыл желегінен айрылған жұрт таза ауаға зар болып қалуы әбден мүмкін.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін