«Субару импреза» мен «Кадилак эскалайдтың» қатты соғысқаны соншалық, іштегілерді шығарып алу үшін құтқарушылардың мыжылған көлікті кесуіне тура келді. Спорт машинасында кілең 18 бен 20-дағы 5 адам болса, джипте 32 жастағы жігіт құрбысымен отырыпты. Өкінішке орай, «Субарудегі» екі адам сол жерде жан тапсырса, өзгесі ауруханаға жеткізілген. Ал ажал құшқандар бірер айда отау құрмақ ниеті болған қос ғашық екен.
Бұл – жол апатынан қаза болған жастардың бірі, 18 жастағы Адель Гилязованы ақтық сапарға шығарып салу сәті. Тірісінде киіп үлгермеген ақ көйлек оған осы жерде бұйырыпты. Сараптама қорытындысына қарағанда, қыз басына тиген ауыр соққыдан көз жұмған. Оның жігіті, 20 жастағы Эдуард Клименконың өліміне де осы себеп деседі.
Алина Землянская, А.Гилязованың туысы :
— Тергеу барысы бойынша біз ештеңе білмейміз. Тіпті кімнің кінәлі екенін де білмейміз. Ал сіңілімнің қазасы туралы достарынан естідік. Құзырлы орын өкілдері бізбен тілдесуге де келген жоқ.
«Субаруде» болған тағы үш адамның екеуі қазір аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Әлеуметтік желіде оларға шұғыл қан керек деген ақпарат тарады. Қазір осы оқиға бойынша, полиция қылмыстық іс қозғап отыр.
Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:
— Қылмыстық кодекстің 296 бабының 3-ші тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалып, қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде. Жүргізушілердің қайсысы жол ережесін бұзғаны белгісіз.
Десе де, бейресми болжам бойынша, апатқа спорт көлігінің жол ережесін өрескел бұзуы себеп екен. Яғни ол кіші көшеден бірден бұрылып шыға келген-ді. Онда туған күннен шыққан жастар отырыпты. Қазір олардың алкогольдік ішімдікті ішкен-ішпегені тексерілуде. Ал аурухана төсегіне таңылған джип иесі – 32 жастағы азаматтың өміріне төнер қауіп жоқ сияқты.