Қатерлі ісіктен көз жұму көрсеткіші қалада 8 %-ға кеміген. Бұл туралы қаланың бас онкологы Диляра Қайдарова баспасөз туры барысында мәлімдеді.
«Биыл онконауқастарды емдеуге бөлінетін қаржы көбейді. Адам өлімінің көрсеткіші 8 %-ға кеміді. Бұл — әлемдік тенденция. Көбіне мұндай көрсеткіш ерте анықтаудың ықпалынан болып отыр. Биыл пациенттердің 63%-ы аурудың бірінші, екінші кезеңдерінде келді. Бұл олардың жазылып кету мүмкіндігінің мол екендігін көрсетеді»,- деді Д.Қайдарова.
Бас онколог ауруды ерте кезден анықтауға елдегі скринингтік бағдарламалардың көп серпін беріп отырғанын атап өтті.
Оның айтуынша, 10 жыл қатарынан әйелдер арасында сүт безі қатерлі ісігі, ерлер арасында қуық безі қатерлі ісігі көш бастап тұр.
Диляра Қайдарова орталықтағы заманауи емдеу технологиясымен де таныстырып өтті.
«Бұл интраоперациялық сәулелік терапия аппараты. Ол түрлі кеселді ісіктерді емдеуде өз тиімділігін көрсетті. Көптеген ота лапороскопиялық жолмен жасалады. Бұл да біздің орталығымыздың үлкен жетістігі», — деді ол.