Бас прокуратура баспасөз қызметінің хабарлауынша, орталық баспанасыздарды түнейтін орынмен және тамақпен ғана қамтамасыз етіп келген. Ал, оларды оңалту және әлеуметтік жағынан бейімдеу жұмыстары қағаздан ары аспаған. Бұған орталық ашылғалы бері келіп-кеткен қаңғыбастардың бірде-бірінің дұрыс өмір сүруге бейімделмегені дәлел бола алады.
Сонымен қатар, келушілерге көрсетілетін медициналық қызмет те талапқа сай емес болып шықты. Өйткені, медициналық қосында жұмыс істейтін жеті адамның арнайы сертификаты жоқ. Оның үстіне, дәрі-дәрмектер мен азық-түлік қымбат бағаға сатып алынып, жалақы заңсыз өсірілген көрінеді.
Тексеру нәтижесінде орталық директоры жұмыстан босатылып, тоғыз лауазымды тұлға әкімшілік және тәртіптік жазаға тартылды, делінген хабарламада.